10 қаң, 2017 сағат 11:07

Уақытша тіркелмегені үшін жазалау бір айдан кейін қолға алынады - Қасымов

- ҚР Ішкі істер министрі Қалмұxамбет Қасымовтың айтуынша, бір ай бойы тәртіп сақшылары уақытша тіркеуге тұрмағандарға тек ескерту ғана жасайтын болады, деп xабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

"Жаңа норманың негізгі мақсаты - ішкі көші-қонды бақылап отыру. Осының негізінде денсаулық сақтау, білім беру, жұмыс орындарын ашу және тағы басқа әлеуметтік-экономикалық мәселелер шешіледі. Бұл - жалпыәлемдік тәжірибе. Мәселен, Германияда тұрақты мекен-жайынан көшіп кеткені, я болмаса, бөтен біреудің мекен-жайын пайдаланғаны үшін 1 000 - 50 000 еуро айналасында айыппұл төлеу міндеті бар", - деп атап көрсетті Қ.Қасымов.

Айта кетейік, Қазақстан азаматтарын уақытша тіркелуге міндеттейтін заң қаңтардың 7-сінен бастап күшіне енген болатын. Бұған дейін тұрақты тіркеу міндеті болған. Енді, өз үйіне адамдарды тұрғызғаны үшін жауапкершілік енгізіліп отыр. Оларды уақытша тіркеуге қою қажет. Аталған норма бір рет бұзылса, 10 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Ал бір жылдың ішінде тағы қайталанса, айыппұлдың көлемі екі есеге артады.