29 қаз, 2016 сағат 22:22

Уәде орындалды, жол жөнделді

ШҚО әкімі Даниал АХМЕТОВ жұмыс сапарымен Аягөз және Тарбағатай аудандарын аралап, бірқатар білім ошақтарының жұмысымен танысты. Орташа жөндеуден өткізілген Аягөз-Боғас бағытындағы тас жолдың сапасын тексеріп көрді.

Төселгеніне қырық жылдан асса да, қыртысы қырналмаған Аягөз-Тарбағатай-Боғас трассасы арылы-берілі ағылған жолаушыларды әбден титықтатып, ойлы-шұңқыры көлік біткеннің сорына айналғалы қашан. Ұзақ жылдар бойына жөндеу көрмей, кетеуі кетіп, тозығы жеткен өңірлік маңызға ие күре жолдың жағдайын көзімен көрген облыс басшысы Даниал АХМЕТОВ былтыр жергілікті тұрғындар алдында бұл мәселені шешуге уәде берген. Айтқандай, аймақ басшысы сөзінде тұрды. Араға бір жыл салып Аягөз бен Боғастың арасын жалғаған жүз шақырымдық жолдың 78 шақырымы тақтайдай болып шыға келді. Жұрттың ризашылығында шек жоқ.

– Сонау кеңестік заманнан бері жөнделмеген бұл трассамен жүру кез келген жүргізуші үшін қиямет-қайым еді. Мәшинелер жиі бұзылып, дөңгелектері жарылып қалып жататын. Былтыр қарапайым халықтың өтінішімен аймақ басшысы осы жолдың жағдайын көріп, жөндеуге сөз берген. Енді биыл сол уәденің орындалғанын көріп отырмыз. Бұрын Ақши мен Аягөз арасында бір сағаттан артық жүрсек, қазір жарты сағатта жетеміз. Уақыт үнемдедік, көлігіміз де бұзыла бермейді енді. Ауылдың мәселесіне көңіл бөліп, қамқорлық көрсеткен Елбасымызға, облыстың басшысына елдің алғысы шексіз, – дейді Ақши ауылының тұрғыны Тұрсынғали Оралбаев.

Жол құрылысының сапасын тексеру үшін облыс әкімі Аягөзден Боғасқа дейінгі аралықты мәшинемен жүріп өтті. Атқарылған жұмысқа оң бағасын берді. Бұл бағыттағы жолдың қалған бөлігі келесі жылы жөнделетін болды.

Облыс әкіміне арнайы алғыстарын айтып, ризашылықтарын білдірген тұрғындар шешімін таппай жүрген тағы бірнеше мәселенің ұшын шығарды. Мемлекеттің қолдау-көмегін іс жүзінде сезініп, көңілдері тасыған ауылдағы ағайындар Аягөз қаласындағы Оңтүстік ықшамауданда мектеп салуға, аудан орталығынан Шұбартауға дейінгі тас жолды жөндеуге қолдау көрсетуін өтінді. 

– Жөндеу жұмыстары алдағы уақытта жалғасын табады. Ал енді Шұбартауға дейінгі жолдың жағдайын біз қарастырайық. Тиісті орындар барлығын есептеп, сараптасын. Содан кейін бір шешімге келеміз. 

Сіздердің өңірдегі демографиялық өсімді де жақсы білемін. Сондықтан келесі жылы аудан орталығында 600 орындық жаңа білім ошағы салынады. Одан кейінгі жылы Оңтүстік ықшамауданда тағы бір мектептің құрылысы басталады. Нәтижесінде ауданда оқушыларды мектептегі оқу орнымен қамтамасыз етуде ешқандай мәселе болмайды. Бұған қоса жақын келешекте тұрғындарды таза ауызсумен жеткілікті мөлшерде қамтамасыз етіп, баспаналар құрылысына қарқын береміз, – деп атап өткен Даниал АХМЕТОВ Аягөз өңірінде өзекті болып тұрған тағы бір проблемаға назар аударды.
Облыс басшысы аудандағы жат діни ағымдарға еліткен жастарды түзу жолға салып, ата дініміз бен салтымызды насихаттауда, кейінгі жас буынға үйретуде аузы дуалы қариялардың ықпалы зор екенін ескертіп, жергілікті атқарушы билікке, жауапты орындарға қол ұшын беруді тапсырды.

Жаңа мектеп салмас бұрын тиімділігін ескерейік

Тақтайдай тас жолмен жүйткіп жүріп өткен аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ Тарбағатай ауданының шекарасынан ішкерілеп ене бере, Қызыл кесікке кілт тоқтады. Дұрысы, осы ауылдағы қара шаңырақ – мектепке ат басын бұрды. Күтпеген жерден сау етіп келе қалған құрметті меймандарды көріп, білім ұясының ұжымы, әсіресе, директоры қатты қысылды. Қысылатын жөні де бар екен. Мектепті аралау кезінде ішінде тізе бүгер бір орындығы жоқ, алқам-салқамы шыққан акт залын, есігі тарс жабылған асхана мен кітапхананы, суығы табаннан өтіп, бойды алған спорт залды көргенде көңілге кірбің түсті. Бұл мектептің қажеті үшін қазынадан 30 млн. теңге қаражат бөлінгенін қаперге алсақ, тиісті жұмыстардың қалай орындалғанын шамалай беріңіз. 

«Аталған білім ұясында балаларға тамақ беріле ме, жоқ па, олардың сапасы қалай? Қанжылым батареялар төрт жыл бұрын ғана қыруар қаржы бөліп жөндеген спорт залды қаншалықты жылытып тұр?» деген сұрақтарға тұщымды жауап ала алмаған аймақ басшысы бұл мәселені назарға алып, біржақты етуді аудан әкіміне және білім саласының басшыларына шегелеп тұрып тапсырды. 

Жұмыс сапары аясында облыс басшысы Көктүбек пен Сәтпаев ауылдарына бұрылып, қос елді мекендегі мектептердің жағдайымен танысты. Көктүбектегі ертеректе салынған ескі білім ошағында қазір 80 бала оқып жатыр екен. Сыны кете бастаған ғимараттың орнына жаңасын салып беру жөнінде ұсыныс тастаған аудан басшысы Ділдәбек Оразбаевтың сөзін тыңдап, жалпы ауылдағы демографиялық ахуал, көші-қон, тұрғындардың тұрмысы турасында ақпараттарға қаныққан облыс әкімі қандай да бір жаңа нысан тұрғызбас бұрын оның тиімділігін жан-жақты зерттеп, зерделеп алу қажеттігін айтты. Ақжар ауылында ашылған 600 орындық білім мекемесінің бұл күнде қаңырап бос тұрғанын мысалға келтірді. Оған қоса Көктүбекке бес шақырым жердегі Сәтпаев ауылында 280 орындық мектептің тең жартысынан астамы бос тұр. Дәлірек айтқанда, үш қабатты оқу орнының бірінші қабаты ғана пайдаланылады. Мұндағы баланың саны да сексеннен сәл асады. Екі білім ошағын аралап көріп, ондағы ұстаздармен, мекеме басшыларымен, сондай-ақ, сала мамандарымен сөйлесе келе, облыс әкімі жаңа нысан салып, артық шығын шығарғанша Сәтпаевтағы мектепті жақсылап жөндеудің тиімді екендігін атап көрсетті.

– Қазынаның ақшасын босқа шығындамай үнеммен жаратуды ойлауымыз керек қой ағайындар. Қалаған ауылға мектеп сала берсек, ертеңгі күні оны кіммен толтырамыз? Оқитын балалар қайда? Қаңырап қалмай ма босқа. Одан да біз Көктүбектің оқушылары мен мұғалімдерін тасымалдайтын жаңа автобус алып берейік. Көршілес Сәтпаевқа келіп-кетіп тұрсын, – деді аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ.

Аудан орталығы Ақсуат ауылында облыс әкімі былтыр ашылған Марат Имашев атындағы спорт кешенінде болып, салауатты өмірді серік еткен жастармен әңгімелесті. Жергілікті тұрғындарға жеке сұрақтары бойынша қабылдау өткізді. Әкіммен кездесуде ақсуаттық ағайындар аудан орталығындағы стадионды заман талаптарына сай жабдықтап беруді сұрады.

Сонымен қатар, аймақ басшысы Ақсуат ауылының шетінде орналасқан «Лензат» шаруа қожалығының мал бордақылау алаңымен танысып, сол жерге жиналған еңбек адамдарымен тілдесті. Аймақ басшысы асыл тұқымды қазақтың ақ бас ірі қаралары мен сонау шетелден әкелген ангус атты зеңгі баба түліктерін табынымен жусатып, еділбай мен мериносты отарымен өргізген тарбағатайлық шаруалардың еңбегін жоғары бағалады. Мамандардың айтуына қарағанда, берекелі Тарбағатай өңірінде ақбас тұқымды ірі қараның саны алты мыңнан асып жығылады екен. Фермерлер олардың санын бұдан ары көбейтпекке бекініп отыр. «Лензат» қожалығының мал бордақылау және сою алаңдарын аралап, бірнеше тонналық алып тоңазытқышын көрген облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ: – Қолға алған істеріңіз өте дұрыс. Тарбағатай өңірі мал өсіруге қолайлы. Мұны біз пайдалануымыз керек. Мал өсірумен қатар, өндіретін өнімді өткізу жағын да ұмытпайық. Жемшөп базасын қалыптастыру да маңызды мәселе. Осының бәрін жүйелі жүргізе білсеңіздер, ұтылмайсыздар. Ал мемлекетіміз еңбек етемін деген шаруаға мүмкіндігінше көмек-қолдау көрсетуге дайын, – деп түйіндеді сөзін.

Серік Әбілхан