26 мам, 2020 сағат 12:20

ТЖД аптап ыстық күндері дала өртінің алдын алу шараларын ескертті

Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері аптап ыстыққа байланысты бірқатар сақтық шараларын ескертті. Бұл туралы өрт қауіпсіздігі шаралары және балалардың терезеден құлау фактілері бойынша өткен онлайн брифингіде айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біріншіден, дала және орманды жерде ыстық, құрғақ, желді ауа райы кезінде болған жағдайда от жағуға болмайды. Екіншіден, саяжайда жиналған қоқыс пен қураған шөпті жаққан кезде қауіпсіз арақашықтықты сақтау керек. Ол 50 метрді құрайды. Сонымен қатар, жанған отты қараусыз қалдыруға болмайды және оны бақылауды балаларға тапсыруға болмайды. Жанып жатқан от толық өшкеніне көз жеткізіп алу керек», - дейді Нұр-Сұлтан қаласы ТЖД басқарма бастығының міндетін атқарушы Еркін Отарғалымұлы.

Оның айтуынша, қалада бірқатар шектеулер енгізілген. ТЖД қызметкері халық арасында кең, ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

«Карантин режимі бірте-бірте жеңілдеп келе жатыр. Осыған байланысты тұрғындардың табиғат аясына шығу фактілері үрдіс алуда. Табиғат аясына барған кезде міндетті түрде қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау керек. От жағу керек болса, оның өшкеніне көз жеткізіп алыңыздар», - дейді ол.