23 қыр, 2017 сағат 11:37

Түймебаев ішкі және сыртқы нарықты игерген ірі зауыттарда болды

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев «Оңтүстік» индустриалды аймақта болып, ондағы бірқатар ірі кәсіпорындардың жұмысымен танысты. Ондағы кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдауларды атап өтіп,  өңір экономикасының дамуына айтарлықтай үлес қосып отырған іскер азаматтармен пікір алмасты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Облыс әкімі бірінші кезекте шыны ыдыстар өндірісімен танымал «Еврокристалл» зауытының жұмысымен танысты. Ондағы өндірілетін өнімдерді газдалған сусындар мен шырындар, алкогольдік, сүт және дәрі-дәрмектер шығаратын зауыттар қолданады. Мұнда түрлі көлемдегі - 200 мл-ден 3 литрге дейінгі түссіз және жасыл түсті бөтелкелер мен құтылар шығарылады. Осынау өнімдерге Қазақстанның барлық аймағы мен Қырғызстаннан тапсырыстар келіп түсуде. Жылына 60 млн дана шыны шығаруға қауқарлы өндіріс орнында 150 адам жұмыспен қамтылған.

Зауыт жұмысымен таныстырған  кәсіпорын иесі аймақ басшысына жұмыс істеу аясын кеңейтіп, көмірқышқыл газын өндіруді қолға алып жатқанын жеткізді.  Ол үшін кәсіпкер арнайы италиялық құрылғыларды да сатып алуды жоспарлап қойған.

Мұнан бөлек, аймақ басшысы  шифер шығаратын кәсіпорын «Tectum Enjineering» ЖШС-ні аралап көрді.

Шифер өндіретін алғашқы кәсіпорын «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында қаржыландырылған. Жоба құны 1,9 млрд теңгені құрайды. Зауыт «Хатчек» әдісімен өнім шығарады. Мұнда 200 адам жұмыспен қамтылып, шығарылған өнімнің 60 пайызы ішкі нарыққа, ал қалған 40 пайызы Тәжікстан, Ауғанстан мен Өзбекстан  елдеріне жөнелтілуде. Зауыт жылына 2,3 млн дана шифер өндіру мүмкіндігіне ие.

Индустриалды аймаққа жасаған сапары барысында облыс әкімі «Шымкент Темір» ЖШС-нің болат құю зауытының құрылысымен де танысты. 2018 жылы іске қосылатын өндірістің жалпы құны - 4,2 млрд теңге. Жылына 240 мың тонна өнім шығаруға қауқарлы кәсіпорын іске қосылғанда 150 азамат жұмыспен қамтылмақ.  

Сондай-ақ, әкім шыны өндірісінде шетелдік компаниялардан кем түспейтін әрі сәулет құрылысында қолдануға ыңғайлы әйнек шығаратын  «Фирма Дана» зауытының өнімімен танысты. Зауыт тәулігіне 1700 шаршы метр әйнек шығарады. Жаңа технологияға негізделген шыны қыста үйдегі жылуды сақтаса, жазда бөлмедегі температураны бірқалыпты күйде ұстап тұрады. Бұл шынылардың тиімділігі жылу өткізгіштігінде.

Сапар соңында облыс әкімі Жансейіт Түймебаев «Оңтүстік» индустриалдық аймағы өңірдегі аудан, қалаға үлгі болуы керектігін айтып, онда орналасқан кәсіпорындардың жұмысын оң бағалады.

Айта кетейік, «Оңтүстік» индустриалды аймақта жалпы сомасы 55,8 млрд  теңге болатын бес мың жұмыс орнын ашу көзделген  85 жоба жүзеге асырылуда.  Бүгінгі таңда мұнда құны 21,4 млрд теңгенің 46 жобасы іске қосылып, үш мың адам жұмыспен қамтылды.