22 шіл, 2019 сағат 06:02

Тұрсынбай Құлахмет: Жанкүйерлер Әбілхан Аманқұлмен жекпе-жекті күтті

Нұр-Сұлтанда өткен бокстан Президент кубогында биылғы Азия чемпионы Тұрсынбай Құлахмет топ жарды. Ол 75 келіде қарсылас шыдатпай, турнир жеңімпазы атанды, деп хабарлайды Olympic.kz

Дегенмен боксшы әлі де кемшіліктер бар екенін жасырмайды.

«Президент кубогы турниріне осымен екінші рет қатысып отырмын. Осыдан бір жыл бұрын да дәстүрлі турнирде бақ сынаған едім. Биыл жеңімпаз атанудың сәті түсті. Турнирде өткізген төрт жекпе-жек те оңай болған жоқ. Әсіресе, финалдық бәсекенің қиын соққаны рас. Дегенмен, өз жеріміздегі додада намысқа тырысып, бар шеберлігімді салдым. Менің салмағымда біраз мықты спортшылар өсіп келеді. Олардың ешқайсысын бөліп-жармаймын. Бірақ бәсекелестіктің жоғары екенін мойындау керек. Көпшілік жанкүйер Әбілхан Аманқұл екеуміздің кездескенімізді қалады. Өкінішке қарай, Әбілхан кубоктық дода қарсаңында жарақат алып, жарысқа қатысқан жоқ. Әбілхан болмаса да, басқа қарсыластармен жұдырықтасу оңайға соқпады мен үшін. Әлі кемшіліктер мен қателіктер бар. Оны жеке бапкерім де, ұлттық құрама бапкерлері де айтып жатыр», - дейді Тұрсынбай Құлахмет. 

Ол енді алдағы жарыстарға дайындалып, кемшіліктерді жою үшін жұмыс істейтінін айтады. Сонымен қатар, бокшысының пікірінше, биылғы Президент кубогы додасы да өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған.