31 мам, 2017 сағат 18:11

Тұрсын Жұртбай: "Ашаршылықтан шыққан адамда ақыл-ес болмайды..."

Бүгін, 31 мамыр - Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Ел тарихындағы қайғы-қасіретке толы жылдар ұмытылмайды. Атаулы күн қарсаңында «ҚазАқпарат» тілшісі белгілі алаштанушы, ғалым Тұрсын Жұртбаймен сұхбаттасып, зұлматты жылдар туралы деректерге назар аударған болатын.

- Тұрсын Құдакелдіұлы, Алаш қайраткерлері туралы дерек іздеп, архив ақтарған алғашқы зерттеушілердің бірісіз. Ашаршылық пен қуғын-сүргінге қатысты зерттеулердің қазіргі аяқ алысы қалай?   

- Расында, бүгінгі күні Кеңес тұсындағы саяси қысым туралы зерттеулер барлық посткеңестік кеңістікте жаңаша қарқынмен, жаңаша көзқараспен жүргізіліп жатыр. Қазақстандық ғалымдар да өзінше атсалысты, зерттеулер жүргізді. Бірақ, біздің зерттеулеріміз Ресей ғалымдарындай тереңдеп, бұтарланып, әрбір жекелеген мәселенің өзі түбірленіп кете қойған жоқ. Оның басты себебі, сол тұста қабылданған құжаттар, қаулылар, тергеулер, тергеу орнындағы сұрақ-жауаптар Қазақстанның ақпарат құралдарында толық жарияланған жоқ және ондай мүмкіндік туған жоқ.

1993-1994 жылдары қабылданған жалпы ішкі ережеге сәйкес, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мұрағатына, қудалауға түскен тек сол жеке адамның тікелей ұрпағына, оның ішінде соттың анықтамасы арқылы ғана рұқсат берілетін болды. Бұл заң емес, ереже. Осының өзі шындықтың бетін аша түсуге кедергі келтіріп отыр. Нақты дәлелдер ұсыну үшін архив құжаттарынсыз алға баса алмайсың. Газет-журналдардағы, жұрттың аузындағы естеліктер қосымша дерек ретінде қарастырылады. Сондықтан, жеке өз басым архив деректерімен 35 жылдай айналысып келе жатқаныммен, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мұрағатында екі жарым жыл табандап отырғаныммен, сол тұстағы әр оқиғаны, соның ішінде коллективтендіру, конфискілеу, Алаш қайраткерлерін түрмеге отырғызу, жаппай ашаршылықтың басталу себептерін және 37-38 жылдардағы саяси қысым мен жазалауларды, тіпті 50-жылдары жүргізілген қысым саясаттарын толық ашылды деп айта алмаймын.

- Ал осы тақырыпты қаузап жүрген ғалымдардың жұмысына көңіліңіз тола ма?

- Ізденіс бар. Мысалы, осы архив ісімен түбегейлі араласқан ғалымның бірі - Зарқын Тайшыбай. Сол кісінің жариялаған дүниелері ерекше тың деп ойлаймын. Осы жақында ғана оның «Атадан қалған аманат» атты авторлық кітабын қарап шықтым. Онда Сталиннің қабылдауында болған қазақ қайраткерлерінің тізімін ұсыныпты. Соның ішінде ерекше назар аударарлығы Әлихан Бөкейхановтың 1927 жылы 10 мамыр күні Сталиннің қабылдауында болуы, Ә. Бөкейхановтың Қазақстанға қайтып оралуы, жұмыс мәселесі сөз болған сияқты. Сол туралы Голощекин мен Н.Нұрмақовқа телеграмма жібергені белгілі. Бірақ, Сталиннің тікелей қабылдауында өзінің жеке басы туралы ғана мәселе қозғады дегенге мен сенбеймін. Әлиханды ұлт көсемі ретінде, ол кісінің психологиясын және ұстанымын мейлінше мәлім мөлшерде білетін адам ретінде мен оған сене алмаймын. Ең алдымен Әлихан Бөкейханов қабылдауда жер мәселесін қозғады деп ойлаймын. Қазақ жерін жаппай тәркілеу, мемлекетке беру, 1927 жылдан бастап жылына 360 мың келімсекті Қазақстанға қоныстандыру,  қазақ халқын жерден айыру туралы 1925-1927 жылғы конференцияларда қарастырылған болатын. Ал 1926 жылғы конференцияда ол кәдімгідей бекітілген. Голощекинге қарсы үлкен қозғалыстың бірі - осы.

Сол жылы Сталинге Нығмет Нұрмақов 6 рет, Сәдуақасов пен Қожанов 5 рет, Мырзағалиев, Әлімбековтер 2 реттен кіріпті. Барлығы сол кездері жер комиссариаты саласында жұмыс істеген. Сондықтан, Әлихан Бөкейханов Қазақстанның территориясы туралы мәселені көтеріп, қазақтың артық жері жоқ екенін дәлелдейтін құжаттармен Сталинге барған деп ойлаймын. Бұл үлкен сауалдың, үлкен мәселенің шаруасы. Өйткені, осы Сталин қабылдады деген бір ауыз сөздің өзінен және оның айналасындағы мәселелер жөнінде жеке монография жазуға болады. Бұл туралы жинақталған деректер баршылық.

Мысалы, Мәмбет Қойгелдиев Алаш қозғалысы туралы 10 томдық материалды дайындап, баспаға беруге біраздан бері ұмтылып отыр. Бірақ, ол 10 томдық осы күнге дейін басылып шыққан жоқ. Кеңес тұсындағы жалпы қазақ даласындағы ұлт-азаттық көтерілістер туралы тарихшы Талас Омарбеков өзінің 6-7 кітаптан тұратын топтамалық зерттеулер мен құжаттарын дайындаған. Ол да жарияланған жоқ. Сондықтан да қуғын-сүргін туралы материалдардың академиялық басылымы керек, 1-10 томдық емес, 50-70 томдық шығару керек. Сондай-ақ, былтыр Ұлттық кітапханада 1916 жылғы көтеріліс туралы 4 томдық құжаттар дайындадық. Ол да сол күйінше басылмай жатыр. Ал ең бастысы, 1921-1922 жылғы, 1931-1932 жылғы ашаршылық туралы құжаттар толық басылған жоқ.

- Қудалаушылық, ашаршылықтар біздің ұлттық болмысымызды өзгерте алды ма? Мұндай нәубеттер болмағанда қазақтың қазіргі сипаты қалай болар еді?

- Егер де 1921-1922 жылдары ресми коммунистік партияның өзі мойындаған цифр бойынша 1 жарым миллион адам, 1931-1932 жылдардағы 2 миллион 800 мың адам құрбан болмаса, яғни бес қазақтың үшеуі аштан өлмесе, қазақтың құрылымы, ұлттық рухы, ділі мен саны мүлдем өзгеше болар еді. 1939 жылғы санақта қазақтың жалпы саны 1 жарым миллионға жетер-жетпес болатын. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін, 1949 жылғы есеп бойынша қазақтар саны миллионның айналасында болды. Яғни, соғысқа аттанған 1 миллион 600 мың еркектің 800 мыңға жуығы майданда қаза тапты. Бұл үлкен жоқтаушылық. Бүгінгі заманда ұлдар мен қыздар арасында 1:16 есе айырмашылық болып отырғаны Екінші дүниежүзілік соғыстағы жағдайға қатысты. Ал ашаршылықта ұл да, қыз да кетті. Оның зардабы қандай? Егер сол кездегі қазақ өз тұтастығын сақтап қалғанда, бүгін 30-35 миллион болып отырар едік. Мысалы, 1897 жылғы санақ бойынша өзбектер миллионға жетпейтін, қазақтар 6 миллион болатын. Өзбектер қазір 30 миллионнан асты, қазақтардың саны 10-14 миллионның айналасында.

- Біздің ұлттық мінезімізге бұл оқиғалар әсер етті ғой...

- Міндетті түрде. Біз басыбайлылық психологиясына көндіктік. Өйткені, ашаршылықтан шыққан адамда ақыл-ес болмайды, одан ештеңе де сұраудың қажеті жоқ. Егер біз өзгенің ырқында болмасақ, бүгінгі ұрпақ, қазіргі 25 пен 60 жас арасындағы қазақтар жаппай орысша сөйлеуге көшпес еді. Тәуелсіздік алғанымызға 26 жыл, тәуелсіз ұрпақтың алды 26 жаста. Бірақ, басым жастар орысша сөйлейді. Неге? Олардың миында орыс тілі өзге тіл, шет тілі деген ұғым жоқ, осылай сіңіп кеткен.

- Кеңес одағы құрамында қуғын-сүргіннен ең көп зардап шеккен қай ел?

- Қазақстан мен Украина. Әрине, қуғын-сүргін барлық республикаларда, тіпті орыстардың өздерінде де болды. Бірақ, Қазақстан мен Украина үрім үзу яғни, қудалау мен ашаршылық арқылы қырып-жоюшылық саясатынан көбірек зардап шекті. Ал Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде ең көп қырылған белорусьтар болды.

- Сіз Алашорданы қудалау Дінше Әділовтің түсініктемесінен кейін басталды деп жазған едіңіз. Осы жөнінде тарқатып айтып берсеңіз, Дінше Әділов кім болған, қандай түсініктеме берген?

- Жалпы, Дінше Әділовтен бұрын 1927 жылдың қазан айында Әлихан Бөкейхановты Ресей территориясындағы Қазақстанға жақын орналасқан Бозан ауылына шақырған Елдес Омаров ұсталып, жауапқа тартылады. Одан кейін Халел Ғаббасов ұсталды. Бірақ та олардың ұсталу себептері жалпы Алаш үшін іс ашуға тұтастай негіз қалаған жоқ еді. Әлихан Бөкейхановқа Қазақстан территориясына келіп, жұртшылық арасында ұлтшылдық идеясын таратты, Халел Ғаббасовты конфискацияға қарсы күресті, соны ұйымдастырды деген жала жабылған. Ал оларға қарсы қылмыстық істің ашылуы Дінше Әділовтің Бетпақдалада ұсталуымен байланысты. Дінше Әділовтің көрсетінділері арқылы әуелі Міржақып Дулатов пен Жүсіпбек Аймауытов содан кейін біртіндеп басқалары да ұсталған.

- Оның мұндай көрсетінді беруіне не себеп болды?

- Дінше Әділов Омбыда Смағұл Сәдуақасов, Сәкен Сейфуллин, Мағжандармен қатар оқыған, өр мінезді, өжет және солардың ішіндегі ең жасы болған еді. 1918 жылы 18 жасында теңдік үшін күресемін деп, большевиктер жағына шығып кетті. Тіпті сонау Қиыр Шығыста партизандар қатарында да соғысып келген болатын. Ол Ішкі істер министрлігінде жұмыс істеген. Бірақ, коммунистік-колонизаторлық саясат етек ала бастағанда, Дінше өз көзқарасынан қайтып, ұлттық мұраттағы жолға түседі. Шетелге өтіп кетем деп, Бұхараға да барған, басмашыларға да қосылмақ болған. Бірақ кейін Бетпақдалада ұсталды. Сосын оның күні түрлі азаптауларға ұласты. Түрмедегі тергеулердің қорытындысына қарасаң, бұл жігітті ұрып-соққан, барлық мүмкін болған қинаулардың астына алған. Оның көрсетінділерінің өзінен кейде ақылы тұманданып кеткенін, кейде ашынған адамның көзқарасын, сол секілді басқаша да сөйлеу мәнерін анық байқауға болады. Өзінің тума ұстамасы болған, түрмедегі ауыр жағдай сол ауруды одан сайын асқындырған.  

- Қуғын-сүргінге қатысты материалдар оқығанда «жапон тыңшысы» деген айып жиі кездеседі. Осы «жапон тыңшысы» деген ұғым қайдан шықты?

- "Жапон тыңшысы" деген үлкен система. Оны Кеңестік тергеу мекемелері ойлап тапқан. Оңтүстікте Өзбекстан, Түрікменстан, Әзербайжан қайраткерлерін Иранның Ихтикат пен Тарахиат идеологиясы бойынша айыптаған. Ал Шығыс Түркістан, Қиыр Шығыстың шекаралық аймақтарында «жапон тыңшысы» деп, еуропалық аймақтарда Германияның тыңшысы деп ұстаған.

- Өзіңіз айтқандай, Қазақстанда 4 миллионнан астам адам аштықта көз жұмды, 25 мың адам ату жазасына кесілді. Абақтының ар жағында 10-20 жылын сарп еткендер қаншама? Оларға қандай да бір басымдықтар беріліп, өтемақы төленді ме?

- Ештеңе істелген жоқ.  Тым болмаса, ресми түрде кешірім сұралу керек еді. Ал ол үшін империя мәдениетті болу керек. Ағылшын империясы Үндістанның алдында кешірім сұрады. Олар өздері отарлаған өңірлерден биік деңгейдегі оқығандарды, интеллигенцияны қалдырды. Тіпті сол азаттық идеясын көтерген Индира Ганди, Джавахарлал Нерулерді де заңға негіздеп тұтқынға алған, мынадай жаппай қыру саясаты қолданылған жоқ. Сол саясатты бүгін де ұстанып отыр. Империя - өзгенің жерін иемдену, өзгені өзіне қарату деген сөз. Дүние түптің-түбіне төрт-ақ империяға бөлінеді деген тұжырым бар қазір. Сириядағы соғыс та, Кореядағы қырғи-қабақ та, Венесуэла, Африка, Таяу Шығыстағы жағдайлар осының бәрі төрт империяның бір-біріне көрсетіп отырған қысымы.

- 1956 жылы Жансүгіров, Майлин, Сейфуллиндердің есімі ақталды. Одан кейін араға 30 жыл салып, 1988 жылы Шәкәрім, Мағжандар ақталды. Мұндай уақыт алшақтығының сыры неде?

- Коммунистік партиядан басқа партия ССР-да ақталмағаны белгілі ғой.  Мағжан деген кім? Мағжан Алашорда мүшесі болды. Алашорда Совет үкіметіне қарсы күресті. Осыған қарасақ, 1956 жылы большевиктер, ал 1988 жылы алаштықтар ақталды. Жалғыз Қазақстанда емес, Әзербайжандағы муссоветтер, Армениядағы дашнактар, Грузиядағы демократтар, Украинадағы махнолар - Совет үкіметінің өзі жеңген барлық саяси мемлекеттік ұйымдар өз уақытында ақталған жоқ. Кейіннен ғана ақталды.

- Қуғын-сүргін құрбандары күніне қатысты айтар пікіріңізді білдіре кетсеңіз?

- Бұл күні істелетін бір ғана үлгі бар. Өлгендерді еске алу, мінәжат ету, мұсылмандарына құран оқыту. Одан басқа үлгінің болуы мүмкін емес. Кезінде Жазушылар одағында Олжас Сүлейменов жақсы бастама көтеріп еді. Ашаршылыққа ұшыраған адамдардың естеліктерін жазып алу, Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі оқиғалар, жер мен елге қатысты тарихтарды жинау туралы. Сол мәселе 4-5 ай қолға алынып, біраз деректер Қазақстан Жазушылар одағына түскен болатын. Сол материалдар қайда кетті екен? Ел-жұрттың естелігін жүйелеп, халықтық еске алу кітабын шығарса деп ойлаймын.

- Ұсынысыңыз қабыл болсын!