23 там, 2019 сағат 09:02

ТҮРКСОЙ жастары камералық оркестрінің алғашқы концерті Түркістаннан басталмақ

Түрік кеңесінің 10 жылдығына орай ТҮРКСОЙ Жастар камералық оркестрінің концерті Түркістан қаласында басталмақ.

Аталмыш шараны ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, ТҮРКСОЙ Халықаралық ұйымы, Түркістан облысы әкімдігі бірлесіп ұйымдастырады. Бұл туралы Жастар ресурстық орталығында өткен баспасөз-мәслихатында ТҮРКСОЙ Халықаралық ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов мәлімдеді.

«Өздеріңізге белгілі, Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы 2017 жылы Түркістан қаласын «Түркі әлемінің мәдени астанасы» етіп жариялаған болатын. Өте жоғары деңгейде өткен бұл халықаралық ірі жобаның ізін суытпай, өткен жылы Елбасымыздың бастамасымен облыс атауы «Түркістан облысы» болып өзгертіліп, облыс орталығы Түркістан қаласына көшірілді. ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласында «Жаңа облыс орталығы ретінде Түркістанды дамыту барысында оның халықаралық аренадағы беделін жүйелі түрде арттыру қажет» деген болатын. Біздің ұйым осы мақсатта өткен жылы да жаңа ашылған облыс орталығында бірнеше шара ұйымдастырған еді. Биыл да сол дәстүрімізді жалғастырып, ТҮРКСОЙ Жастар камералық оркестрінің кезекті концерттік турнесін 2017 жылғы «Түркі әлемінің мәдени астанасы» – Түркістан қаласынан бастап отырмыз», – деді Бас хатшы Д.Қасейінов.

Отандық және шетелдік өнерпаздардың қатысуымен өтетін концерттің барысы мен мақсатына арналған баспасөз конференциясына Ресейдің еңбек сіңірген әртісі Салаватов Ренат Салаватұлы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, дирижер Ақбаров Анвар Асқарұлы, Әзербайжан елінен келген дирижер, халықаралық байқаулардың лауреаты Мехмендаров Мұстафа Әділоглу да қатысты.

Концерттік бағдарлама Қазақстанның Түркістан, Шымкент, Тараз, Алматы қалаларында, Қырғызстанның Бішкек және Әзербайжанның Баку қалаларында жалғасатын болады.

Бүгінге дейін құрамында 10 елдің 100-ден астам талантты жастары өнер көрсеткен оркестрге бұл жолы Татарстаннан Ренат Салаватов, Қазақстаннан Анвар Акбаров, Әзербайжаннан Мұстафа Мехмендаров дирижерлік ететін болады.

Аталған қалалар мен шетелдегі концерт 27 тамыз – 9 қыркүйек күндері аралығында өтеді.