11 сәу, 2017 сағат 12:32

Түркияда жарылыс болды

Диярбакырдағы жарылыс болған жерден әуеге көтеріліп жатқан қалың түтін. Түркия, 11 сәуір 2017 жыл.

Түркияның оңтүстік-шығысындағы Диярбакыр қаласында жарылыс болып, төрт адам жараланды, - деп хабарлады қауіпсіздік органдарындағы дереккөзіне сілтеме жасаған Reuters агенттігі.

Жарылыс алдын ала мәлімет бойынша жергілікті полиция бөлімінің көлік жөндейтін тұрағында болды. Жарылыс орнынан әуеге қою, қалың түтін көтеріліп жатқаны байқалады. Оқиға орнына жедел жәрдем көліктері барып жатыр. Жарылыстың неден болғаны әзірге белгісіз. Жапа шеккендер саны анықталып жатыр. Жаралылардың бірінің ауыр халде екені айтылады.

Жарылыс күрдтер басым тұратын Диярбакырдың орталық Ваглар ауданында болды. Бұл ауданда өткен жылдың қарашасында Күрдістан жұмысшы партиясының (немесе PKK) сарбаздары көлікке жасырылған бомбаны жарып, ондаған адам жараланған еді.

Диярбакыр - Түркияның оңтүстік-шығысындағы ең үлкен қала, мұнда PKK отыз жылдан астам уақыт бойы тәуелсіздік алу үшін орталық билікпен күрескен.