27 қыр, 2017 сағат 14:53

Түркияда апатқа ұшырағандырдың үшеуі елге жетті

Түркияда жантүршігерлік көлік апатына ұшыраған 7 қазақстандықтың үшеуі елге аман-есен жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Апат кезінде Вадим, Батырхан, Диляра жеңіл жарақат алған. Талдықорған қаласы әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, жастар қазір Алматы қаласында. Тиісті емдерін алуда. Ал, Нұрсұлтан, Алмагүл, Асыл және Айдын есімді жастар әлі де төсек тартып жатыр. Қазір оларды  елге жеткізудің қамы жасалуда.

«Бәрі өрімдей жастар. 1992 жылы туған менің бауырым Нұрсұлтан сонау мектеп кезінен Алмагүлмен жүретін. Осы жақында ғана, 9 қыркүйекте тойын өткізгенбіз. Сонда достары Түркияға жолдама сыйлаған еді. Бал айының соңы осындай болады деп ойламаппыз, әйтпесе жібермес едік қой», -  дейді Талдықорған қаласының тұрғыны Эльзира.

Осы оқиғаға байланысты Талдықорған қаласының  әкімдігі апатқа түскен жастардың ата-аналарымен, туған-туыстарымен хабарласып, қандай көмекке мұқтаж екендерін сұрады. Ата-ананың елге балалары аман-есен жетсе, медициналық тұрғыда көмек көрсетілсе дейді. Осыған байланысты қала әкімінің орынбасары облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысымен ақылдасып, апатқа түскен жастарды күтіп алу үшін бар жағдайды қарастырып жатыр. Қажет болған жағдайда талдықорғандық жастарды Алматының немесе  Астананың ауруханаларына жатқызуға да жәрдем көрсетілмек.

Естеріңізге сала кетейік, 21-қыркүйекте Түркияның  Кемер қаласы маңында болған жол апаты салдарынан 7 қазақстандық ауруханаға түскен еді. Дер кезінде көрсетілген медициналық көмек пен хирургиялық ота жастардың жанын сақтап қалды.

ҚР СІМ баспасөз қызметінің басшысы Әнуар Жайнақов Түркияда көлік апатына ұшыраған қазақстандық жастарды елге әкелу мәселесі қарастырылып жатқандығын хабарлаған болатын.