17 қаң, 2020 сағат 09:24

Түркістанның іргетасы 2800 жыл бұрын қаланған болуы мүмкін - қала әкімі

Түркістан қаласының тарихы 2800 жылға жетуі және көне шаһар Самарқанд секілді ескі қалалардың қатарына қосылуы мүмкін. Бұл туралы қала әкімі Рашид Аюпов тарихшылар мен археологтармен кездесу барысында айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Басқосуда қала басшысы мен ЮНЕСКО-ның арнайы өкілі Дмитрий Воякин мен Ә. Марғұлан атындағы археология институтының бас директоры Бауыржан Байтанаевпен шаһар үшін маңызды мәселелерді талқылады. Жиында елімізге белгілі археолог пен ЮНЕСКО-ның арнайы өкілі бүгінгі табылған материалдарға сәйкес, кемінде Түркістан қаласының тарихы 1500 емес, 2200 жылдан басталады деп болжап отырғанын жеткізді. Десе де бұл сәйкесінше нақты тоқталған шешім емес,- дейді қала басшысы.

«Әлі де көне шаһарға урбанистикамен қарайтын болса, 2800 жылға жетуі және де оның жасы Самарқанд секілді ескі қалалардың қатарына қосылуы әбден мүмкін. Жалпы, әкімдік ұсынысты екі ай бұрын жасаған болатын. Осы жылы анықтап бүкіл құжаттары өткізіліп, келер жылдың күзіне дейін ЮНЕСКО-ның 100-ге жуық мемлекеттен арнайы мамандары қарайды. 2021 жылдың қараша айында нәтижесі шығып, бекітілетін болады деген болжам бар», - дейді Рашид Аюпов.

Ал, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, Ә.Марғұлан атындағы археология институтының бас директоры Б.Байтанаевтың сөзінше, бұған дейін жарияланған деректерде археолог Е.Смағұлов Түркістан қаласының тарихына - 1500 жыл болуы ықтимал деп көрсеткен.

«Осыдан 20 жыл бұрын Түркістан қаласына 1500 жыл деп тойланып кетті. Бірақ, ол кезде мемлекеттік бағдарламалар жоқ еді. 2004 жылы »Мәдени мұра« бағдарламасы пайда болып, соның аясында зерттеу жұмыстары жүргізіліп, Түркістан қаласының ғасыры одан да көп екені анықталған еді. Қазіргі кездегі мәліметтер бойынша Түркістанның жасы - 2200 жыл. Бірақ, қаланың мәдени қабаттары толық зерттелген жоқ. Сондықтан да, институт ұжымы және Қазақстан ғалымдарына Түркістан қаласының нағыз уақытын анықтау мақсатында, археологиялық әдістер бойынша стратеграфиясы мен мәдени қабаттарын зерттеу қажеттігі туындап отыр. Біздің ойымызша, 2200 емес, 2500 немесе одан да көп болуы мүмкін. Себебі, көптеген сақ, массагет сынды тайпалар Сырдария бойында мекен еткен. Олар осы жерде де тіршілік етуі мүмкін. Біз оны археологиялық әдістемелермен зерттеп қана айта аламыз», - деді Б.Байтанаев.

Жиында ЮНЕСКО-ның арнайы өкілі, халықаралық Орталық Азия зерттеулер институтының директоры Дмитрий Воякин облыс, қала басшыларының ғалымдар жұмысына және тарихқа көңіл бөлгені құптарлық мәселе екендіігн атап өтті. Түркістан қаласын нақты жасын анықтау тек Қазақстан үшін ғана емес, халықаралық қоғамда да өте маңызды жаңалық болатынын айтты.

«Түркістан бүкіл әлемге Қ. А. Ясауи кесенесі арқылы танымал шаһар. Бірақ кесене өз-өзімен пайда болған жоқ. Ол өте тарихи қаланың шекарасында пайда болды. Бірақ ол қаншалықты тарихи? Бұл сұраққа ешкім жауап бере алмайды. Көптеген архелогтардың зерттеулері әлі де жасын жоғары бағалауға мүмкіндік береді. Бұл әлі нақты не соңғы шешім емес. Нәтижесінде, біз өте тарихи шаһарда өмір сүріп жатқанымызды құрмет тұтып, мақтанатын боламыз. Және бәрі осындай тарихи мекенді көруге ұмтылып, қызығушылық танытатын болады», - деді Дмитрий Воякин.