07 қыр, 2018 сағат 15:01

Түркістанға көшіп барған қызметкерлерге ай сайын пәтерақыға 81 мың теңгеден беріледі

Түркістанға қоныс аударған облыстық Денсаулық сақтау басқармасының қызметкерлеріне материалдық көмек пен ыстық тамақ берілуде. Бұл туралы бүгін аталған басқарма басшысы Мұқан Егізбаев БАҚ өкілдерімен кездесу барысында мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мұқан Кеңесбекұлының сөзінше, басқарма қызметкерлері бүгінде Түркістан қалалық ауруханасы ғимаратының бірінші қабатына қоныс тепкен. Қазіргі таңда басқармадағы кабинеттер интернетке қосылып, телефон, компьютерлермен жабдықталған. Ал, қызметкерлер Түркістанға орнығып, балаларын мектептер мен балабақшаларға орналастырып жатыр.

«Түркістан қаласына қоныс аударған Денсаулық сақтау басқармасы қызметкерлеріне пәтерақы ретінде ай сайын 81 мың теңгеден беріледі. Қыркүйек айынан бастап экологиялық зиянды аймақ ретінде жалақыларына 20 пайыз ақша қосылады. Мамандардың көшіп-қонуына байланысты материалдық көмекті де жасап жатырмыз. Бұдан бөлек, түс мезгілінде бір мезгіл ыстық тамақ тегін тамақ беріледі. Ондай жағдай басқа ешбір басқармада жоқ. Сондай-ақ әкімдік тарапынан қолдау көрсетіліп, жергілікті тасымалдаушы компания сенбі, жексенбі күндері Шымкентке қайтатын қызметкерлерді арзан бағамен апарып, дүйсенбіге дейін алып келеді», - деді Мұқан Егізбаев. 

Сонымен қатар, Түркістанға қоныс аударған қызметкерлер үшін көпқабатты үйлердің құрылысы жүріп жатыр. Келер жылы бұл баспаналар пайдалануға берілгенде Денсаулық сақтау басқармасының мамандары да тұрғын үймен қамтылмақ.