24 шіл, 2019 сағат 13:39

Түркістанға 1 жыл: Тұлғалардан төрт пікір

Хитуов Тарас Киікбайұлы, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты: «Болашақта Түркістан облысы мемлекетміз үшін рухани астана ғана емес экономикалық тірекке айналары сөзсіз».

Түркістан - еліміздің тек рухани астанасы ғана емес, саяси-экономикалық өмірінде де аса зор маңызға ие өңір. Түркі елдері кеңістігінде ерекше орны бар бұл аймақ Батыс Қытай - Батыс Еуропа автодәлізінің бойында орналасқан. Ол дегеніміз логистикалық тұрғыдан алғанда өте тиімді және қолайлы әрі пайдалы. Көне Жібек жолының бір тармағын алып жатқан атырап еліміздің дамуы жолында сүбелі үлес қосарына сенімім мол.

Ұлы Жібек жолының порттық тасымалдау күші дамығаннан бері тоз-тозы шықты деген тәмсіл бар. Бұл – аңыз. Ұлы Жібек жолы ешқашан өз маңыздылығын жоғалтқан емес. Порттық тасымалдау 10 пайызға да жетпейтін үлесті өзіне қарата алды. Оның үстіне мұның шығыны артық. Сондықтан Батыс Қытай – Батыс Еуропа керуені әлі де аса маңызды.

Ал соның тура белдеуінде орын тепкен Түркістан облысының экономикалық болашағы үшін еш алаңдамаймыз.

Ендігі кезек туризм саласын дамытуды қолға алу керек. Бұл үшін мемлекет тарихи картадан бастап болашаққа бағдар болатын түрлі жобаларды қолға алып үлгерді.

Болашақта Түркістан облысы мемлекетміз үшін рухани астана ғана емес экономикалық тірекке айналары сөзсіз.

Түркістан – түркі әлемінің ортақ олжасы. Құдайға алғыс, Қазақ елі еншілеген территорияда тұр бұл орда. Тамыры Түркіге түсетін барша бауырлас елдер қызыға да қызғана да қарайды бізге.

Елбасының осы шешімі – ұлы жеңіс. Енді сол түркі елдерінен де үлкен инвестициялар күтеміз. Ол уақыт еншісінде тұрған мәселе.

Мұндағы ғимараттарды көтеру барысында шығыс мәдениеті де ерекше көрініске ие болуы керек деп ойлаймын. Түркістан Орталық Азиядағы ең үлкен рухани орда. Былайша айтқан түркі жұртының Меккесі ғой. Сондықтан, қолда бар қазынамыздың құнын әуелі өзіміз сезініп, содан соң әлемге рухани паспортымыз ретінде көрсетуіміз керек. Түркістанның туы жығылмасын деп тілейміз.

Аманжол Әлтай, айтыскер-ақын, доцент, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының және бірнеше атаулы медальдардың иегері: «Түркістанда көше атауын қойғанда да ерекше мән беруіміз керек»

Түркістан – исі түркі жұртының рухани астанасы. Мағжанша айтар болсақ Түркістан екі дүние есігі, ер түріктің алтын бесігі. Кешегі Ахмет Яссауи бабамыз кемелдендірген ислам ілімінің орталығы болған ордалы өлке. Түркістан – хандарымыз, билеріміз, батырларымыз, басқа да тарихи тұлғаларымыз жатқан тарихи санамыздың алтын тамырына айналған өлке. Оның облыс орталығы болып қайта ашылуы ұлттық санамыздың сәулеленуіне, тарихымыздың тереңдеуіне үлкен әсер етті деп ойлаймын.

Сондықтан да қайта жаңғырып жатқан Түркістан шаһарының болашақ келбетінде кешегі шаһарларымыздың белгілері, тарихи тұлғаларымыздың мұражайы болуы керек деп ойлаймын. Көше атауын қойғанда да ерекше мән беруіміз керек. Тарихымыз тіпті сол көшелерімізде де жаңғырып тұруы тиіс. Түркістан туризмнің де ордалы өлкесіне айналуы керек деп ойлаймын.

Облыс атанып жатқан кезде осындай үлкен мәселелерге мән беруіміз қажет. Болашақта біздің Тәуелсіз Қазақстанның үлкен бір рухани орталығы, рухани қазынасы осы бір Түркістан болады.

Түркістан – қазақ ұлтының тірі ескерткіші. Бұл біздің тарихымыздың тереңдігін, ұлтымыздың данышпандығын, халқымыздың қасиетін, бабалардың өсиетін өлшейтін куәлік.

Елбасы өте данышпан саясаткер. Бұл кісінің аталмыш шешімі болашаққа жасалған ұлы қадам. Ендігі кезек біз ел болып. Осы миссияның орындалуына үлес қосуымыз керек.

Түркістанды қазір мақтау асылық. Бұл киелі атырап ондай дүниеге тәуелді емес. Біз түркі жұртының олимпіне шығып, осы Түркістанмен мақтануымыз керек. Кесек тұлғалардың кесенесімен, Патша-билердің пешенесімен ғана емес, бұл топырақ болмыс бітімімен қасиетті ғой.

Күллі түркі жұрты тамсанып отырған тарихи мұраға – аманат ретінде қарай бастауымыз рухымыздың оянды дегенін білдіреді. Тәңірі көтерген туымызды жықпай, мұратымызға жеткізсін деп тіледік.

Сақ Қайрат Өмірбайұлы, Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналистика және саясаттану факультетінің деканы, филология ғылымдарының кандидаты, ҚР Педагогика ғылымдар академиясының толық мүшесі – академигі: «Түркістан – қазақ руханиятын жаңғыртып қана қоймай, Түркі әлеміннің басын бір арнаға қосатын ұлы Орда»

Түркістан - Түркі дүниесінің рухани астанасы. Сондықтан, Түркістанның қайта түлеуі - Түркі әлемінің жаңғаруына әкелмек. Өз қойнауында жер жаhанға аты мәшһүр ойшылдар мен ғалымдарды өсіріп-өндірген өңірде көне Отырар қаласының орны айрықша. Адамзатқа айтары мол мұрамыз келелі ұрпаққа аманаттар құнды байлығымыз осы тарихтың қатпар-қатпар әжімінде жатыр.

Түркістан облысы – глобальды шешім. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көрегенділігін тағы бір мәрте байқаймыз осы тұста. Түркістан – қазақ руханиятын жаңғыртып қана қоймай, Түркі әлемінің басын бір арнаға қосатын ұлы Орда.

Бұл тамыры бір бауырлас елдердің бар мүддесін де бір ететіні сөзсіз. Тіпті бұл бағытта жұмыстар да жасалып, басталып кетті емес пе?!

«TÚRKISTAN: JAŃA AQPARATTYQ KEŃISTIK» атты халықаралық журналистер форумын еске түсіріңізші мысалы? Қандай жеңіс. Ендігі кезек Түркі жұрты рухани-экономикалық қана емес ақпараттық айдында да бірлесіп жұмыс жасауға мүмкіндік алды ғой. Басқосуда  қазақстандық және шетелдік БАҚ өкілдері журналистиканы дамыту, Түркістанды гүлдендіру бағытындағы пікірлері мен ойларын айтты.

Ақпарат кімінң қолында, жеңіске сол жетеді деген тәмсіл бар емес пе? Түркі жұртының тамыры бір. Сондықтан олар барлық бағытта байланысын үзбеуі тиіс. Еуроодақ секілді Түркі одағының құрылып, үлкен саяси әрі экономикалық күшке айнала алатын мүмкіндігі бар. Түркістан сол ұлы идеяның маягі, шамшырағы болып тұратыны сөзсіз.

Журналистика саласының маманы ретінде мұндай бастамалрды көріп, қатты қуанғанымды айтқым келеді.

Оңтүстіктің жұрты - еңбекқор. Құмырсқа тірлікпен бір жылда ғана адам сенгісіз жетістіктерге қол жеткізе алғанын байқауға болады. Ендігі тілек екпінді түсірмеуіміз шарт. 

Өңірде 300 жуық БАҚ жұмыс жасайды екен. Өзіңіз есебі мен қисабына салып ойлап көріңізші. Тіл де руханият та осы өңірде ерекше сақталып, енді болашаққа ұсынғалы тұр.

Серікзат Дүйсенғазы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент, ақын, бірнеше жинақтардың авторы: «Сондықта бұл өңірдің облыс орталығы болуы – ұрпақ үшін үлкен мүмкіндік».

Қазақ халқының мәдениеті – ерекше болмысқа ие. Ол Ұлы дала мәдениетімен ұштасқан көшпенді елдің әдет- ғұрпы, салт- дәстүрімен сабақтасып жатыр.

Біздің мәдени сипатымыздың бір дүмпуі Ұлы Жібек жолы кезеңі десек, оның айрықша көрініс тапқан бейнесі осы Түркістан өңірі болып табылады. Отырар қаласының өзі ондаған ғасырдың көрінісін сипаттаса, Арыстан баб пенен Қожа Ахмет Ясауи кесенелері түркі елдерінің рухани қазынасы саналады. Сондықтан да Түркістанның облыс орталығы атанып, қайта жаңғыруы өте орынды шешім.

Түркістан – топырағы тарих, ауасы жыр, суы дастан киелі өңір. Бұған куә тарихи туындылар емесм пе? Ахмет Яссауи, Арыстан бабтарды қоспағанда бұл өңір қанша Алаштықтарды силады қазаққа.

Өзен мен суда жан бар. Олар кие болып келешек ұрпаққа даритыны сөзсіз. Сондықта бұл өңірдің облыс орталығы болуы – ұрпақ үшін үлкен мүмкіндік. Қазақы тілмен айтқанда ақсарбас қойды сойдырып, ақсақалдыдан бата алдырар шақ осы.

Ең кереметі Түркістан облысында Фараб қаласы, яғни Отырар бой көтерген. Ондағы кітапхана туралы аңызды еске түсіріңізші. Ол топырақтан сол кездің өзінде қанша ғалымдар шықты. Сол білімнің ұшқыны сонда жатыр ғой. Демек Түркістан облысында білімге деген инвестиция құйылу керек. Отырар кітапханасын қайта көтірп шыққанға не жетсін? Ел болып сол кітапхана қайта қалыпқа келтіруге жұмыс жасауымыз керек. Университтерге де айрықша назар аударып, өңірдегі білім деңгейін аспандату – алғашқы жұмыстардың бірі болу керек.

Түркістан – жастардың қаласы. Сондықтан оларды патенциалына жасалған инвестиция – ең ақылды шешім болмақ. Театр, саябақ, университет, кітапхана, тарихи музейлер – олардың дамуына үлкен дүмпу беру берері сөзсіз.

Елбасының осы шешімі – Елорданы Нұр-Сұлтанға ауыстыруымен бірдей ерлік деп білемін. Түркістан сөзсіз біздің рухани орталығымыз болып қала бермек.

Арман Қуантай