25 қыр, 2017 сағат 10:36

Түркістанда «Ясауитану» халықаралық байқауы өтті

Түркістанда түркі əлеміндегі жалпы білім беретін оқу орындарының 6-11-сынып оқушылары арасында «Ясауитану» Халықаралық байқауы өтті. Игі шараны «Түркістан - түркі әлемінің мәдени астанасы» жылына орай ҚР Мəдениет және спорт министрлігі мен «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі ұйымдастырды, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.


Білім және өнер сайысының  мақсаты- Қожа Ахмет Ясауидің рухани мұрасы мен ілімін, «Әзірет Сұлтан» кесенесіне жерленген дара тұлғалардың елі үшін атқарған еңбектерін насихаттау болды. Сондай-ақ Түркістан қаласының тарихы мен Әмір Темір дәуірінен қалған құнды ортағасырлық жәдігерлерді және музей ісін кеңінен таныстыру көзделген. 


Халықаралық қазақ-түрік университетінің Мәдениет сарайында өткен байқауға Қазақстан, Түркия, Өзбекстан және Қырғызстан елдерінен үздік оқитын  42 оқушы қатысып, білімдерін сарапқа салды. Екі кезеңнен тұратын сайыста жасөспірімдер  Қожа Ахмет Ясауи хикметтерін жатқа айтып, оның өмірі мен шығармаларына қатысты сұрақтарға жауап берді. 


Ясауидің хикметтеріндегі ұғымдар мен рухани мекен-тарихи кесене жəне  ондағы жәдігерлер туралы айтып берді. Сайыс қортындысында бас жүлдені Оңтүстік Қазақстан облысының мектеп оқушысы Ажар Қараманға бұйырды. Ал, бірінші орынды Ақмола облысынан келген Жанат Оқа иеленсе, екінші  орын Қызылорда қаласының қатысушысы Нұрсұлтан Ақыпбаев пен Оңтүстік Қазақстан облысының оқушысы Роза Сейтқұлова лайық деп танылды. Үшінші орынды түркістандық Роза Хакимова мен Дияра Мажитовалар жеңіп алды. Барша қатысушылар мен жеңімпаздар жəне олардың жетекшілері арнайы алғыс хаттар мен ақшалай, заттай сыйлықтармен марапатталды.

Айта кетейік, дәстүрлі түрде өтетін байқау биыл халықаралық дəрежеде жүзеге асырылды.  Өскелең ұрпақты өз тарихын, мəдени мұралары мен ғұмырлық ескерткіштерін толық ұғынып, құрметпен қарауға шақыратын шара алдағы уақытта да ауқымды түрде өткізілетін деп жоспарланып отыр.