23 қаз, 2018 сағат 11:08

Түркістанда халыққа қызмет көрсететін фронт-офис ашылды

Түркістан қаласында экономикалық соттың жанынан фронт-офис ашылды. «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында қолға алынған бастаманың мақсаты - халыққа сот төрелігінің ашықтығы мен қолжетімділігін іс жүзінде қамтамасыз ету, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жұмысын жаңа бастаған нысанның ашылу рәсіміне Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев қатысып, қызмет көрсету орталығын аралап көрді.

«Халыққа қызмет көрсететін мемлекеттік мекемелердің сапасын арттыру - заман талабы. Бұл туралы Елбасымыз үнемі айтып келеді. Міне, бүгін осы міндетті орындау барысында халыққа қызмет көрсететін фронт-офис ашылып отыр. Бұл - халық пен билік арасын одан сайын жақындастыра түсетін мекеме. Мұнда мәселенің дер кезінде, әділ шешілуіне барлық жағдай жасалған. Яғни, орталықта көрсетілетін қызметтердің басым бөлігі электронды жүйеге көшірілген. Демек, қоғамда дау-дамай туындайтын болса, бұрынғыдай ұзақ уақытқа созылмай, қысқа мерзімде шешіледі деген сөз», - деді Жансейіт Қансейітұлы.


Ғимаратта ақпараттық орталық, кіріс кеңсесі мен өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтары орналасқан. Күту залында келушілерге жағдай жасалған, интернет желісі, мобильді сымтетіктерді қуаттағыштармен де жабдықталған. 

Сонымен қатар, мұнда дауларды сотқа дейін жеткізбей шешу үшін жұмыс істейтін медиация кабинеті қарастырылған. Онда тараптардың мәселесін әділ шешіп, істі тоқтатумен айналысатын кәсіби мамандар бар.


Одан бөлек, кеңседе «Виртуалды сот отырысы» жүйесі жұмыс істейді. Бұл жоба еліміздің кез-келген жеріндегі сот отырыстарына қатысуға мүмкіндік береді.