21 қыр, 2017 сағат 11:25

Түркістанда халықаралық «Алтын сақа» фестивалі өтіп жатыр

Түркістан қаласында «Түркістан - Түркі әлемінің мәдени астанасы» жылы аясында халықаралық «Алтын сақа» анимациялық фильмдер фестивалі өтуде. 

Түркі мемлекеттерінің достастығы күніне орай ұйымдастырылған шараға  Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия, Әзербайжан, Якутия, Алтай, Башқұртстан және Қазақстан Республикасының аниматорлары  қатысты, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.  

Елбасы  Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы  негізінде ұйымдастырылған фетивальді ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің театр және кинематография бөлімінің бас сарапшысы Гүлнафис Мырзашева мен облыстық мəдениет басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ғалия Шарафиева құттықтау сөзбен ашып, облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың  жылы лебізін жеткізді. Ауқымды шара түркітілдес мемлекеттер арасындағы мәдениет пен өнер ынтымақтастығы және достастығын нығайтатынын атап өтті. Анимациялық фильмдер арқылы балалар мен жасөспірімдерді патриоттық рухта тәрбиелеу мен ұлттық салт-дәстүрді ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу, түркі мемлекеттерінің анимация саласындағы шығармашылығын кеңінен насихаттау мен әлемдік кеңістікке шығу және халықаралық қарым-қатынасты арттыру  фестивальдің басты мақсаттарының бірі деп айтып өтті.  

Фестиваль барысында  аниматорлар өзара  іс-тәжірибе алмасуға, шеберлік сабақтарын өткізуге уағдаласты.  Оған арнайы келген  аниматорлар көрермендер мен қазылар алқасына патриоттық рухты көтеруге арналған 21 фильмді ұсынды.  Бұдан кейін түркі елдерінен жиналған кино саласының мамандары Халықаралық Қазақ-Түрік университетінің студенттерімен кездесіп, ой-пікір алмасты. Басқосу барысында кино түсіру, дауыс таңдау сынды көптеген пікірлер ортаға салынып, шеберлік сабақтары жүргізілді. Сондай-ақ фестивальдің қазылар алқасы жергілікті БАҚ өкілдеріне баспасөз мәслихатын өткізді. Онда  айтулы шараның мін-маңызы жайында толыққанды ақпараттар берді. Онда қойылған туындылардың сапасы мен көркемдік идеясы, балалар үшін тәрбиелік маңызы да егжей-тегжейлі сарапқа салынатындығы айтылды.

Фестиваль жеңімпаздары  бүгін  Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің Мәдениет орталығында марапатталады деп күтілуде.