01 сәу, 2020 сағат 09:32

Түркістан облысында коронавирус жұқтырған бесінші науқас та Жетісайдың тұрғыны екені анықталды

Түркістан облысында коронавирус жұқтырған бесінші науқас та Жетісай ауданының тұрғыны екені анықталды.

Бұл туралы онлайн брифингте облыстық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы және қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Нұрбек Нышанов мәлімдеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Өңірдің бас санитар дәрігерінің айтуынша, коронавирус жұқтырған науқастардың төртеуі бір отбасының адамдары екені анықталған. 

«Жетісай ауданында алғашқы тіркелген науқастың үйіндегі үш адамнан да сынама алған болатынбыз. Олардың бәрінен алынған сынамалар оң нәтиже берді. Одан бөлек бесінші науқас та осы Жетісай ауданының тұрғыны болып табылады. Алматы қаласында іс-сапарда болған. Ол да келіп, ауруханада емделіп жатқан. Клиникалық белгілері бойынша сынамалар алынған кезде оң нәтиже берген. Қазіргі таңда олармен қарым-қатынаста болған 41 адам есепке алынып, емдеу мекемелеріне оқшауланды. Зертханалық сынамалар алынып, тиісті жұмыстар атқарылуда»,- деді Нұрбек Нышанов. 

Аталған департаменттің мәліметінше, қазір науқастар мен қарым-қатынаста болған адамдар дәрігерлердің бақылауына алынған. Жағдайлары қанағаттанарлық дәрежеде. 31 наурыз күні дезинфекциялық қызмет науқастардың тұрған үй-жайларын дезинфекциялау және санитарлық өңдеу шараларын өткізген. 31 наурызда коронавирус инфекциясын жұқтырған науқас Жетісай аудандық орталық ауруханасында ем алуда. 

«Өңірде Covid -19 коронавирустық инфекциясынан қолайсыз елдерден келген 495 адам мониторингтік бақылауға алынған. Оның ішінде 1 «а» санатындағы елдерден келгені - 9 адам, 1 «б» санатындағы елдерден келгені - 486 адам бар. Инфекция ошағында облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті, басқарма мамандарымен және облыстық инфекционист дәрігермен эпидемиологиялық зерделеу жұмыстары мен індетке қарсы шаралар кешені жүргізілуде. «Ұлттық сараптама орталығы» Түркістан облысы бойынша дезинфекциялау орталығы күштерімен дезинфекциялық жұмыстар жүргізілген» делінген хабарламада.