01 сәу, 2020 сағат 15:04

Түркістан облысында бір отбасында төрт адамнан короновирус табылды

Түркістан облысында коронавирус жұққан бірінші науқас - әйел адамның отбасындағы үш адамнан вирус табылды. Бұл туралы облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің жетекшісі Нұрбек Нышанов хабарлады. 

Бұған дейін жергілікті ресми орындар әйел адамның 23 наурызда Нұр-Сұлтаннан келгенін, бірнеше күннен соң дене қызуы көтеріліп, 30 наурызда ауруханаға жатқызылғанын хабарлаған болатын. 

1 сәуірде Жетісайдың тағы бір тұрғынынан коронавирус табылған. Облыста короновирус жұқтырған бесінші науқас - ер адам Алматы қаласынан келген. Ол Алматыда іссапарда болған. Келгеннен кейін тестен өтіп, вирус жұқтырғаны анықталған. 

Бес науқас та - Жетісай ауданының тұрғындары. Олар Жетісай аудандық ауруханасында ем қабылдап жатыр. Жағдайы – бірқалыпты. Короновирус жұқтырған отбасымен қарым-қатынаста болған барлық адамдар анықталып, оқшауланған. Алматы қаласынан келген науқаспен қарым-қатынаста болған адамдар анықталып жатыр. 

Қазір Түркістан облысында шетелден келген 495 адам карантиндік стационарда жатыр. 

Облыста автобекеттер мен автовокзалдар, базарлар уақытша жабылған, қызмет көрсету орындарының жұмыс уақыты қысқарған.

Қазіргі уақытта Түркістан облысының аумағына 40 блок пост қойылған. Онда облысқа басқа аймақтардан келген адамдардың барлығының дене қызуы тексеру бақылауға алынған.