19 шіл, 2018 сағат 12:24

Түркістан облысында «7-20-25» аясында 6 көпқабатты үй салынып жатыр

Түркістан облысында ағымдағы жылы «7-20-25» бағдарламасы негізінде 6 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық құрылыс басқармасының басшысы Құттыбек Жамашев мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Басқарма басшысының сөзінше, жеке салушылар арқылы жүзеге асырылып жатқан нысандар 360 пәтерлі болады. Жалпы аумағы - 18,6 мың шаршы метрді құрайды. Аталған үйлер 2019 жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде.


Сонымен қатар, 2018 жылы облыста 172 инвестициялық жобаның іске асырылуына 30,6 млрд.теңге қаралған. Жыл соңына дейін 71-ін пайдалануға тапсыру жоспарланса, бүгінгі таңда 11 нысанның құрылысы аяқталып пайдалануға берілген. Қалған 101 нысанның құрылысы 2019 жылға өтеді.

«Әлеуметтік сала бойынша білім беру саласына жалпы 83 нысан құрылысына 15,9 млрд. теңге қаралған. Оның ішінде республикалық бюджеттен құрылысы жоспарланған 16 мектептің биыл 12-ін тапсыру көзделген. Қалған 4 нысанның құрылысы 2019 жылға өтеді. Ал облыстық бюджеттен қаралған 11,5 млрд. теңгеге 67 нысан құрылысын жүргізіп, оның ішінде ағымдағы жылы 28 нысанды пайдалануға беру межеленіп отыр. Қалған 39 мектептің құрылысы 2019 жылға өтеді», - деді Құттыбек Рахматтуллаұлы.

Бұдан өзге, денсаулық сақтау саласында 11 нысанның құрылыс жұмыстары жүргізіліп, 2018 жылы 1 дәрігерлік амбулаторияны пайдалануға беру жоспарланған. Қалған 10 нысан 2019 жылға өтеді. Мәдениет саласында 2 мәдениет үйі мен 1 мұражайға қосымша нысанның құрылысы жүргізіліп, бүгінгі таңда 2 нысан пайдалануға берілген. Спорт саласында 3 нысан құрылысы жүргізілуде, жыл соңына дейін барлығы пайдалануға берілетін болады.