14 жел, 2018 сағат 20:50

Түркістан көшелерінде қызғалдақ өседі

Таяуда облыстың жаңа орталығы Түркістан көшелеріне осы бір ерекше гүлдің көшеттері отырғызылды. Табиғат сыйы тараздық көршілердің көмегімен жүзеге асуда.

Елбасымыз «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында: «Асқақ Алатаудың баурайы алма мен қызғалдақтың тарихи отаны. Ал оның ішінде қызғалдақтың орны ерекше» деген болатын. Шындығында қызғалдақ біздің мақтанышымыз. Бүгінде қызғалдақтың 3 мыңнан астам түрі болса, оның 35 түрі Қазақстанда өседі екен.

Тараз қаласындағы гүл егумен айналысатын «Жасұлан флора» мекемесі қызғалдақтың 20-дан астам түрін өсіреді. Осы мекемеге қарасты жұмысшылар Түркістанға деген сый ретінде қала көшелеріне қызғалдақ дәнін отырғызды.

«Жасұлан флора» ЖШС қызметкері Жасұлан Молдабаевтың айтуынша, тараздық бұл мекеме 12 жылдан бері осындай гүл егумен айналысады екен. Олар бұған дейін де Тараздан бөлек Ақтөбе мен Қызылорда қалаларында өз қолтаңбаларын қалдырған. Енді осы үрдісті облыстың жаңа орталығы Түркістан қаласында жалғастырып отыр.

Айта кетерлігі, жалпы тараздық жұмысшылар күшімен мұнда 300 мыңға жуық гүл отырғызылмақ. Бұйыртса, бұл егілген қызғалдақтар ерте көктемде құлпырып, қалаға ерекше көрік беретіні анық.

Тараз қаласынан 25 шақырым қашықтықта орналасқан аталмыш компанияның қосалқы шаруашылығы 47 га аумақты алып жатыр. Онда Корея технологиясы бойынша салынған қысқы және жазғы жылыжайлар орналасқан. Бұл жылыжайларда Қазақстанның бірнеше қаласын көгалдандыру мен көріктендіру үшін қолданылатын гүлдер мен жасыл көгалды шөптер өсіріледі.