03 шіл, 2019 сағат 15:43

Түркістан қаласына жаңа әкім тағайындалды

ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімімен және Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің өкімімен Рашид Аюпов Түркістан қаласының әкімі болып тағайындалды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" қала әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Өңір басшысы Өмірзақ Шөкеев жаңа тағайындалған әкімнің қызмет жолын жиналғандарға таныстыра келіп, бұған дейін қаланы басқарып келген Ә.Өсербаевтың облыс орталығында атқарған нәтижелі еңбектеріне тоқталды.

Қаланың жаңа басшысы Рашид Аюпов 1981 жылы 4 наурызда Оңтүстік Қазақстан облысы Кентау қаласында туған. Білімі жоғары. Шымкент университеті, Шымкент әлеуметтік-педагогикалық университеті мен Академиялық инновациялық университетін бітірген. Мамандығы бойынша біліктілігі - информатика бакалавры, мемлекеттік басқару бакалавры, заңгер.

«Болашақ» бағдарламасының түлегі, Ұлыбританияда Патшайым Марияның Лондон университетін (Queen Mary University of London) аяқтаған, мемлекеттік басқару магистрі.

Еңбек жолын 2000 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Кентау қаласында «Дәулет» өндірістік кооперативінің инженер-операторы ретінде бастаған.

2004-2009 жылдары Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің ОҚО бойынша Ақпарат және сынақ орталығының операторы, жетекші сарапшысы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақпарат және сынақ орталығы директорының орынбасары және директоры, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының көмекшісі болып қызмет атқарған. 2009-2015 жылдары аралығында Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кеңсесінің мемлекеттік қызмет және кадр жұмысы бөлімінің сектор меңгерушісі, қаржы-шаруашылығы және кадр жұмысы бөлімінің бас консультанты, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесі Басшылығы Хатшылығының бас консультанты лауазымдарында еңбек еткен. 2015-2018 жылдары аралығында Шымкент қаласы әкімінің аппарат басшысы, Қазақстан Республикасы Үкіметіндегі «Нұр Отан» партиясының өкілі, «Нұр Отан» партиясы Орталық аппараты Ақпараттық технологиялар орталығының директоры, Шымкент қаласы әкімінің кеңесшісі лауазымдарын атқарған.

2018 жылдың қыркүйек айынан бері «SHYMKENT» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ басқарма төрағасы болып қызмет атқарып келген.