31 нау, 2020 сағат 18:17

Түркіменстан билігі "коронавирус" сөзін айтуға тыйым салды

Түркіменстан билігі елде “коронавирус” сөзін айтуға тыйым салды. Елдегі мемлекеттік телеарна, басылымдар бұл сөзді қолданбайды. Мектеп мен емханаларда таратылып жатқан брошюраларда да “коронавирус” сөзі жоқ. Бұл туралы Азаттықтың Түркімен қызметі мен Turkmenistan Chronicle сайтына сілтеме жасаған "Шекарасыз тілшілер" халықаралық ұйымы хабарлады.

Азаттықтың Түркімен қызметінің тілшісінің дерегінше, көшеде “коронавирус” сөзін айтқандар ұсталуы мүмкін. Бұған қоса, полицейлер қарапайым киіммен жұрт арасына кіріп, жұрттың сөзін тыңдай бастаған.

“Түркіменстан билігі радикалды түрде жұртқа “коронавирус” сөзін айттырмай өз халқының басын қатерге тігіп отыр” деп мәлімдеді “Шекарасыз тілшілер”.

Түркіменстан билігі коронавирус жұқтырғандар жайлы хабарланбады. Билік елде 1 сәуірден бастап қызмет көрсету орталықтарын, сауда орындарын, наубайханаларды жауып жатыр. Мектептердегі демалыс уақыты созылды. Бұған қоса, көшеде жұрттың дене қызуын өлшей бастаған. Азаттықтың Түркімен қызметінің дереккөздері елде коронавирус жұқтырғандар саны күннен-күнге өсіп келе жатқанын, бірақ билік хабарламай отырғанын айтады.