17 мау, 2019 сағат 08:54

Түркі тілдес елдердің жайдарманшылары елордада бас қосты


Жайдарман тек қазақ елінің ғана емес, түркі тілдес елдер жастарының басын қосатын жобаға айналды. Елордада «Нұр-Сұлтан қаласының қоғамдық даму істері басқармасы» мен «Қазақстан КВН Одағы» республикалық жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен жайдарман фестивалі өтті.

Үш күнге созылған халықаралық жайдарман фестивалі арнайы бағдарламалық жоспар негізінде жүзеге асты. Фестивалдің алғашқы күні шетелдік жастар мен қазақстандық топтарды табыстыру мақсатында ашылу салтанаты өтті. Жастар сарайының төрінде белгілі жайдарманшылардың жүргізуімен концерттік бағдарлама қойылды. Сондай-ақ, фестивалдің екінші күні шетелдік қатысушылар үшін Нұр-Сұлтан қаласына арнайы ұйымдастырылды. Қала ішінде орналасқан зәулім ғимараттар мен мұражайларды, «Бәйтерек» пен «ЭКСПО» кешендерін және театрларды аралады. Экскурсия  барысында қонақтарға қазақ елінің тарихы мен салт-дәстүрі, бүінгі жетістіктері жайлы кеңінен ақпарат берілді.

Фестивалдің үшінші күні түркі тілдес мемлекеттерден келген қатысушы командалар мен қазақстандық топтар арасында жайдарман сайысы ұйымдастырылды. Бейбітшілік және келісім сарайында өткен додаға барлығы 10 команда қатысты. Оның алтауы шетелдік, тертеуі қазақстандық топ  болды. Олардың қатарында елорданың намысын қорғап, Нұр-Сұлтан қаласының атынан «Қазақстан халықтары ассамблеясының құрамасы», Екібастұз қаласынан «Біз қазақпыз» командасы,  Шымкент қаласынан «Миллион»  - «Нұр-Үміт» өнер орталығы және академик Әбдімұса Қуатбеков атындағы халықтар достығы университеті «Бүгін.kz» командалары қатысты.

Көршілес қырғыз елінен «Позитифф», Өзбекстан елінен «Қарақалпақстан құрамасы», Моңғолия елінен «Баян өлке құрамасы» командалары қызықты ойын үлгісін көрсетті. Сондай-ақ, көршілес Ресей елінің үш қаласынан «Башқұртстан құрамасы», «Ноғай құрамасы - Алтын орда», «Татарстан құрамасы» командалары келіп қатысты.

Қазылар алқасы командалардың ойын өрнегін бағалап, жеңімпаздарды анықтады. Сайыс нәтижесі бойынша, III орынға (150 мың теңге) Моңғолия елінің «Баян өлке құрамасы», Өзбекстан Республикасының «Қарақалпақстан құрамасы» мен  Ресейдің  «Башқұртстан құрамасы» командаларыие болды. Ал,  II орынға Қырғызстан Республикасының  «Позитифф»  командасы мен  Шымкент қаласының «Бүгін.kz» командалары лайық деп танылып, 300 мың теңге көлемінде қаржылай сыйақыға ие болды. Бұл ойынның бас жүлдесін «Ноғай құрамасы - Алтын орда» командасы жеңіп алды. Жеңімпаздар 1 миллион теңге көлеміндегі қаржылай сыйлықты қанжығаға байлады.

Сондай-ақ, топ ішінде дараланып, үздік ойынымен көзге түскен «Татарстан құрамасының» ойыншысы Наиль Салахов «Үздік ойыншы» аталымына ие болды.