22 ақп, 2021 сағат 20:19

Түркі академиясы Анкарада Білге Тоныкөк жазба ескерткішінің көшірмесін орнатты

Бүгін Халықаралық Түркі академиясы Анкарада ашылған «Түркі әлемі: Тоныкөк саябағы» аумағына Білге Тоныкөк жазба ескерткішінің көшірмесін орнатты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" халықаралық ұйымның сайтына сілтеме жасап.

Тарихи маңызы зор ескерткіштің ресми ашылу салтанатына Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің төрағасы Мұстафа Шентоп, Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, Анкара қаласы Алтындағ ауданының мэрі Асым Балжы, сонымен қатар бірқатар халықаралық ұйым басшылары, Түркияның белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері қатысты. 

Түркия астанасының орталық ауданында орналасқан саябақ аумағына Моңғолиядағы Орхон өзенінің бойындағы VIII ғасырға жататын Тоныкөк жазба ескерткішінің Халықаралық Түркі академиясы әзірлеген дәлме-дәл көшірмесі қойылды.

Осылайша Халықаралық Түркі академиясы мен Алтындағ ауданының мэриясы «Түрік тілі жылына» және ЮНЕСКО аясында атап өтілген Тоныкөк ескерткішінің 1 300 жылдық мерейтойына арналған маңызды шараға ұйытқы болды.

Ескерткіштің салтанатты ашылу рәсіміне қатысып, сөз сөйлеген Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі: «Өткен жыл Тоныкөк ескерткішінің 1 300 жылдық мерейтойына орай Түркі әлемінің ортақ ұйымы Халықаралық түркі академиясының бастамасымен «Білге Тоныкөк жылы» деп жарияланған болатын. Тоныкөк жылы аясында ЮНЕСКО-мен бірлесе отырып ұйымдастырған көптеген іс-шаралар енді. Осы баянды бастама «Түркі әлемі: Тоныкөк саябағының» ашылуымен мағыналы жалғасын тапты деуге болады. Аталған бастаманың Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайып Ердоған мырзаның қаулысымен жарияланған «Түрік тілі жылына» тұспа-тұс келуі де айрықша маңызды. Тоныкөк ескерткішін Анкара қаласында орнату жобасына қолдау көрсеткен Алтындағ ауданының мэрі Асым Балжы мырзаға және ашылу салтанатына арнайы келіп қатысқан Түркия Ұлттық Мәжілісінің төрағасы Мұстафа Шентоп мырзаға шын жүректен алғысымды білдіремін. Енді анкаралықтар Өтүкенге бармай-ақ абыз Тоныкөк ескерткішін өз қаласында көре алады», – деп атап өтті.