22 мам, 2017 сағат 07:54

Тұрғындар газсыз отыр

Көктем ықшамауданындағы әлі іске қосылмаған газ таратушы бекет. Орал, 15 мамыр 2017 жыл.

Орал қаласының Көктем шағын ауданында «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынған көп пәтерлі бес үй тұрғындары үш айдан бері газы жоқ пәтерлерде тұрып жатыр. Газ қызметі өкілдері газды тұрғындар үйлерге түгел қоныстанғаннан кейін қосуға уәде етеді. Билік жағдайға қатысты әзірше комментарий берген жоқ.

100 пәтерлі бес үй Орал - Саратов тас жолы бойында - қала шетіндегі Көктем жаңа шағын ауданында Мөңкеұлы мен Қамбар батыр көшелері қиылысында салынған. Мемлекеттік қызметшілер мен «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасы бойынша кезекте тұрғандар жалға берілген пәтерлерді «Қазақстан ипотекалық компаниясынан» («ҚИК») алған. Мемлекеттік ипотека пәтерді жалға алу ақысын мерзімінен ерте жабу немесе сатып алу құқығымен 20 жыл бойы ай сайын төлеп тұру шартымен берілген.

ҚУАНЫШ ТҮҢІЛУГЕ ҰЛАСҚАН

Жанна Мырзабекова мен күйеуі баспана кезегінде бес жылдан көп тұрған. Ипотекалық несие алу мүмкіндігі туған кезде кішкентай екі баласы бар отбасы биыл ақпанның аяғында жаңа пәтерге дереу көшіп алған. Бірақ Мырзабековтердің қуанышы көпке бармай түңіліске айналған. Үйде үш айдан бері газ жоқ.

- Еден суық, терезеден жел гулейді. Қызым жиі тұмауратып қалады, - дейді Жанна.

Көктем ықшамауданы Мөңкеұлы көшесіндегі 93-үйде тұратын Жанна Мырзабекова «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша салынған үйдің терезесінен жел кіретінін» айтып тұр. Орал, 15 мамыр 2017 жыл.
Көктем ықшамауданы Мөңкеұлы көшесіндегі 93-үйде тұратын Жанна Мырзабекова «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша салынған үйдің терезесінен жел кіретінін» айтып тұр. Орал, 15 мамыр 2017 жыл.

Әйелдің сөзінше, «пломба» қойып, газды қостыру үшін үй тұрғындарының көбі бес мың теңгеден өткізген, бірақ үйге әлі күнге дейін газ қоспаған. Отбасы бірнеше ай бойы тамақты электр пешке пісіріп отыр. Айдың соңында электр қуаты үшін төлемге қыруар ақшаның есебі келеді.

Әлгі бес үйге қызмет көрсететін «Таза аудан» клининг компаниясы басшысы Нұржан Аймағамбетовтің Азаттыққа хабарлауынша, ақша төленгені жайлы түбіртектерді 20 подъездің екеуі ғана толық тапсырған.

- Бұдан бөлек, сырттағы газ құбырын тартқан мердігер компания - «Балтемен» ЖШС «Коммуналдық қызметтердің есеп айырысу орталығымен» техникалық қызмет көрсету туралы келісім-шартқа отырмаған, - дейді компания басшысы.

Аймағамбетовтің дерегінше, тұрғындардың жартысынан көбі кілттерін алғанымен, пәтерлерде тұрмайды.

ӘКІМДІК ҮНДЕМЕЙДІ

«Коммуналдық қызметтердің есеп айырысу орталығы» компаниясы директоры міндетін атқарушы Ерлан Ахметов көп қабатты үйлердегі техника қауіпсіздігі талаптарына сілтеп, «үйге тұрғындардың 80 пайыздан көбі қоныстанған кезде ғана газды қосуға болады» дейді.

«Коммуналдық қызметтердің есеп айырысу орталығы» компаниясы директоры міндетін атқарушы Ерлан Ахметов. Орал, 15 мамыр 2017 жыл.
«Коммуналдық қызметтердің есеп айырысу орталығы» компаниясы директоры міндетін атқарушы Ерлан Ахметов. Орал, 15 мамыр 2017 жыл.

- Бұл талап жазатайым оқиғаларға жол бермеу үшін қажет. Әуелі пәтерге кіріп, құбырларда ақау бар-жоғын тексеріп алмай газды қоса алмаймыз. Сондықтан әлгі үйлерге газ қоспай отырмыз, - дейді Ахметов.

Бұған қоса, «Коммуналдық қызметтердің есеп айырысу орталығы» басшысының айтуынша, компания мамандары газды сыртқы және ішкі газ құбырлары пайдалануға берілгеннен кейін ғана қосады. «Балтемен» компаниясының Ерген есімді (аты-жөнін толық атаудан бас тартты) өкілі телефон арқылы Азаттыққа:

- Бізден талап етілген нәрсенің бәрін өткізіп бердік. Қалғанын құрылыс бөлімінен сұраңыздар, - деді.

Орал құрылыс бөлімі бастығы Марат Молдашевтан комментарий алу мүмкін болмады. Шенеуніктің қабылдау бөлмесі қызметкерлері журналистің комментарий жайлы өтінішін басшылыққа жеткізуге уәде еткен, бірақ олар сол күйі хабарласпады.

Бұдан бөлек, биылғы мамырдың 11-інде «Қазақстан ипотека компаниясы» «халықтың арасында бағдарлама беделін түсіруге жол бермеу мақсатында» газды қостыруға ықпал етуін сұрап, Орал қаласы әкімі Нариман Төреғалиевтің атына хат жолдаған. Қала әкімдігінің баспасөз қызметі әзірше комментарий бермеді.

Мөңкеұлы көшесіндегі үйлердің бірі – 89- үй тұрғындары жағдайға араласуды сұрап, Батыс Қазақстан облысы әкімі Алтай Көлгіновтің атына ұжымдық хат жолдаған.

Санат Орын Әли, Азаттық