21 жел, 2017 сағат 11:43

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің ШҚО-дағы 80 000 клиенті мемлекет сыйақысын алады

Осы жылы Шығыс Қазақстан облысында 80 000 адам мемлекет сыйлықақысын алады. Бұл – Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы) салым ашқан аймақ тұрғындарының саны. Олардың 21 000-ы келісім-шартты 2017 жылы ресімдеген. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі Шығыс Қазақстан облыстық филиалы қызметінің жыл қорытындысы бойынша өткен баспасөз мәслихаты барысында Қызмет көрсету орталығының басшысы Аслан Самжанов осы және басқа  да деректер туралы айтып өтті.

- Бүгінгі күні Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымдар бойынша 13,3%-ға дейін баратын ең тиімді мөлшерлеме ұсынып отыр. 2%-дық негізгі мөлшерлемесі бар депозит бойынша мұндай табыс дәл осы 20% көлеміндегі мемлекеттің сыйлықақысы есебінен қалыптасады. Ол 200 айлық есептік көрсеткіштен, басқаша айтқанда 453 800 теңгеден аспайтын сома бойынша есептеледі. Яғни жыл бойы біздің клиент осындай сома жинаса не оны бірден шотына салса, 2017 жылдың қорытындысы бойынша 90 760 теңгеге тең ең үлкен сыйлықақыны алады, - деп түсіндірді Аслан Самжанов.

Жыл ішіндегі Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі депозитінде жиналған ақша 200 АЕК-тен жоғары болса, мемлекеттік сыйлықақы есептелмеген салым сомасының бөлігі келесі жылы сыйлықақы тағайындаларда ескерілетін болады.

Осы уақытқа дейін 10 000-нан астам аймақ тұрғыны Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен 40,6 млн теңгеге заем алып, тұрғын үй жағдайларын жақсарта алған. Займшылардың жасы негізінен 30 бен 40-тың аралығында. Ресімделген барлық несиенің 75%-ы коммерциялық нарықтан пәтер сатып алуға берілген екен.

2017 жылы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының аясында банктің 105 салымшысы баспаналы болған. Келесі жылы тағы 430 облыс тұрғыны жаңа үйдің иесі атанады деп жоспарланып отыр. Бұдан бөлек аймақтық тұрғын үй бағдарламасының көмегімен 372 пәтерден тұратын 7 тұрғын үй салынып, пайдалануға берілді.

Шығыс Қазақстан облысындағы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі балалар үйлерінің тәрбиеленушілеріне де баспана алуға көмектеседі. Облыста алты жылдан бері «Мейірім» атты бағдарлама жұмыс істеп келеді. Бұл – ата-анасыз балаларға қолдау білдіруге бағытталған әлеуметтік жоба. Бағдарлама аясында әр баланы қандай да бір патронат-ұйым өз қамқорлығына алып, оның қызметкерлері жылына бір рет біркүндік жалақыларын Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі баланың шотына аударып отырады. Бұл тәрбиеленуші балалар үйінен шыққанға дейін жалғасады. Кейін ол оқуын бітіріп, жұмысқа тұрған соң, ТҮҚЖБ салымында жиналған қаражат есебінен пәтер сатып ала алатын болады. 

Қазіргі уақытта банктің облыстық филиалында жетім балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың атына 1 438 депозит ашылған. Олардың тек 315-і бойынша мемлекеттік жәрдемақы беріледі, 1 млн мен 5 млн теңге аралығында ақша жиналған депозиттері бар 45 салымшы 21 жасқа толды.

Осы жылы ШҚО-дағы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі облыстық филиалының қызметкерлері аталған бағыттағы жұмыстарын күшейтіп, демеуші болудың мұндай формасы тиімді әрі нәтижелі екенін өз істерімен көрсетті. Мәселен, ТҮҚЖБ филиалының әр қызметкері біркүндік жалақыларын «Үміт» балалар үйінің тәрбиеленушісі Тимур Кайновтың шотына аударды. Келесі жылы он сегіз жасқа толған соң Тимур мемлекеттік бағдарламаға қатысып, жиналған қаражаттың көмегімен баспаналы бола алады.

2018 жылдан бастап Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі әскери қызметкерлерге арналған жаңа өнімді ұсынатын болады. Әскери мамандар бюджеттен тұрғын үйді жалға алу үшін алатын тұрғын үй төлемдерін пайдаланып, баспаналы бола алады.

Бұған дейін «Тұрғын үй қатынастары туралы» ҚР заңына сәйкес, тұрғын үйді қажет ететін әскери қызметкерлер (мерзімді қызметтегі әскери қызметкерлерді, курсанттар мен кадеттерді қоспағанда) және арнайы мемлекеттік орган қызметкерлері тұрғын үй жалдағандары үшін мақсатты өтемақы алатын еді.

Танымал журналист, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі Қоғамдық кеңесінің төрағасы Сергей Пономаревтің пікірінше, бұл жағдай «өтемақы алушыларды баспанамен қамтамасыз етпейді, тек олардың қысқа мерзім ішінде үйді жалға алып отыруды ғана ұсынады».

Келесі жылдан бастап әскери қызметкерлер дәл осы тұрғын үй төлемдерін пайдалана отырып, тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне қатысу арқылы баспаналы бола алады.

Жаңа модель қай жағынан алсаң да тиімді болмақ. Біріншіден, тұтынудан қаражат сақтап, жинауға көшуге мүмкіндік береді, себебі әскери және арнайы орган қызметкерлері тұрғын үй төлемдерін баспаналы боламын деп жинай бастайды.

Екіншіден, жаңа механизм бюджет шығындарын әскери қызметкерлердің баспаналы болуы үшін жұмсалуына жол ашады, ал қазір ол қаражат жалға берушілердің қалтасына кетіп жатыр.

Үшіншіден, әскери қызметкерлерді несиелендіру бір өнім аясында жүзеге асыралатын болады. Яғни тұрғын үй төлемдерін алушылар мен тұрғын үй төлемдерінің көлемі бір орталықтандырылады, республикалық бюджеттен бөлінетін ақшаның қалай пайдаланылып жатқандығы ашық жүреді.

Жаңа өнімге сәйкес әскери қызметкерлер жаңа үй де, қайталама нарықтағы жылжымайтын мүлікті де сатып ала алатын болады. Бағдарламаға сәйкес заем бойынша сома шектеуі жоқ. Жинақ көлемі немесе алғашқы жарна неғұрлым үлкен болса, заем сомасы да соғұрлым жоғары болады. Өнім шарттарының бірі – заем бойынша төлем көлемі тұрғын үй төлемі көлемінен аспау керек.

Қазіргі уақытта Шығыс Қазақстан облысында 54 әскери бөлімше бар.