15 қаз, 2019 сағат 08:52

Тұңғыш рет тіл форумы өтеді

Нұр-Сұлтан қаласында алғаш рет 24 қазанда «Жаһандану және ұлттану үдерісіндегі қазақ тілінің өміршеңдігі» атты тіл форумы өтеді. ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен өтетін форумға заң, бизнес, білім, ғылым және БАҚ саласының өкілдері қатысып, онда латынграфикалы жаңа әліпби негізінде қазақ тілін жаңғыртудың өзекті мәселелері талқыланбақ. Бұл туралы "Ұлт ақпарат" орталықтың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Шараның негізгі мақсаты жаңа әліпби негізінде жаңғырған қазақ тілінің қазіргі заман сұранысына сай өміршеңдігін арттыру жолдарын анықтау болып отыр. Бұл ретте Қазақстан Республикасындағы кез келген заң жобалау жұмыстарының мәтінін алдымен мемлекеттік тілде әзірлеуді ұйымдастыру, бизнесті қазақшаландыру, білім беру жүйесін латын әліпбиіне көшіру, ғылымдағы қазақ тілінің қолданысын кеңейту, сапасын арттыру, БАҚ-тағы қазақтілді контент сапасын арттыру, жастар арасында қазақ тілін брендке айналдыру мәселелері қозғалады.

Форум барысында, сондай-ақ жаңа әліпби мен қазақ тілін оңай әрі тиімді жолмен үйрететін заманауи интерактивті құралдардың көрмесі өтеді. Мұнда «Тіл-Қазына» орталығы әзірлеген жаңа ІТ-жобалар таныстырылып, көпшіліктің қолданылуына ұсынылады.

Бұдан бөлек, форум аясында 6 секция бойынша жұмыс жасайтын ғылыми конференция өткізіліп, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен 14 өңірдегі тілдік ахуалды жақсарту бойынша үйлесімді жұмысты жоспарлауға арналған өңірлік Тіл басқармаларының басқосуы ұйымдастырылады.

«Іс-шараның нәтижесінде жаңа әліпби емлесіне қатысты жұрт көкейінде жүрген сауалдарға нақты жауап беріледі. Мемлекеттік тілдің заңнамасын жетілдіру, бизнес, ғылым, білім, БАҚ-тағы қазақ тілінің қолданысын кеңейтуге, мәдениетін арттыруға қатысты нақты ұсыныстар көрсетілген қарар қабылданып, жауапты құзырлы органдарға жіберіледі», - делінген баспасөз баянында.