15 мам, 2019 сағат 08:45

Тұңғыш рет «Nur-Sultan Ethno Fest» мерекесі өтеді

30 мамыр мен 2 маусым аралығында «Хан-шатыр» кешені маңында Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі мен ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы бірлесіп тұңғыш рет «Nur-Sultan Ethno Fest» мерекесін өткізеді.

Елорда тұрғындары мен қала қонақтары «Nur-Sultan Ethno Fest» мерекесі аясында этно мәдени-спорттық шараларды, балалардың бірегей этно-аттракциондары мен мерекелік концерттерді тамашалай алады. Сонымен қатар, этно-қалашық  алаңында сәнді киіз үйлер бой көтеріп, этно-жәрмеңке жұмыс істейді.

Мереке аясындағы қызықтар

«Nur-Sultan Ethno Fest» мерекесіне келушілер, шеберлер ауылын аралап, қолөнер бұйымдары, ұлттық аспаптар көрмесі, кітап көрмесі, тарихи және этникалық жәдігерлер, этнобазар, спорттық аттар мен құстардың көрмесін қызықтайды. Ақындар айтысы ұйымдастырылады. Сонымен қатар, қазақ халқының ұмытыла бастаған қамшыгерлік, тезге салу, қолқа салу, тығырыққа тіреу, арқан өру, қамшы өру, шаңырақ көтеру секілді ұлттық салт-дәстүрлері жұртшылық назарына ұсынылып, олардың шығу тарихы мен мән-мағыналары баяндалады. Мерекелік шараға қатысушы қонақтардың найза лақтыру, қол күрес, таяқ тартыс, дәстүрлі садақ ату, серке көтеру байқауларына қатысып, бақтарын сынауға мүмкіндігі бар. Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар тарту етіледі.

Тағы не тамашалайсыз?

«Nur-Sultan Ethno Fest» мерекесі аясында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің жылдық күнтізбелік жоспарына сәйкес, ат үстінде садақ атудан тұңғыш Әлем чемпионаты өтеді. «Алтын жебе» І Әлем чемпионатында дүниежүзінің жиырмаға жуық мемлекетінің айтулы мергендері бақ сынайды.

Сондай-ақ, 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесіне орай тұңғыш рет этно-аттракцион ашылады. Ата-аналар балаларымен бірге қуыршақ театрының қойылымдарын тамашалап, атпен серуендеп, бала күрес, аударыспақ, асық ату, ләңгі тебу, қаппен секіру секілді жарыстарға қатыса алады.

«Nur-Sultan Ethno Fest» мерекесінің салтанатты ашылу рәсімі 1 маусым, сағат 19:00-де басталады.