01 жел, 2017 сағат 13:36

Тұңғыш Президент күніне орай денсаулық сақтау нысаны пайдалануға берілді - ОҚО

Шымкент қалалық жедел медициналық көмек көрсету ауруханасы жанынан 3 қабатты қабылдау-диагностикалық, реанимациялық-ота жасау корпусы пайдалануға берілді, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні мерекесіне орай пайдалануға берілген денсаулық сақтау нысанының ашылу рәсіміне облыс әкімі Ж.Түймебаев қатысып, барша медицина саласының қызметкерлерін мерекемен құттықтады. Сонымен қатар, әкім мекеме ұжымына жаңа жедел жәрдем автокөлігін сыйға тартты.

Бүгінде елімізде көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасын арттыру мақсатында жүйелі жұмыстар атқарылып жатқанын айтқан аймақ басшысы бүгінгі қуанышты оқиға осы жұмыстардың айғағы екенін жеткізді.

«Жаңадан салынған корпус науқастарға сапалы, жоғары технологиялық медициналық көмек көрсету үшін заманауи медициналық техникамен және медициналық мақсаттағы құралдармен жабдықталып отыр. Аурухана 2013 жылдан бастап инсульт кезінде бас миы және мойын қан тамырларына жоғары технологиялық оталар жасауға қол жеткізіп, сол уақыттан бері мұнда 630 ота жасалынды. Бұдан бөлек,  қалалық жедел медициналық көмек көрсету ауруханасы базасында 90 бүйрек пен 13 бауыр алмастыру оталары жасалынды», - деді Ж.Түймебаев.

Аталған жаңа корпус 2 жылда салынып, іске қосылып отыр. Бұл ғимараттың бірінші қабатында әкімшілік, қабылдау және зертханалық-диагностикалық бөлімдері орналастырылса, екінші қабатында палаталар мен реанимация бөлімі, ал үшінші қабатта 7 блоктан тұратын ота жасау бөлімі мен бүйрек пен бауыр алмастыратын гепатопанкреатобиларлық хирургия бөлімі орналастырылған. Ал емделушілер үшін стационарда қосымша 45 төсек-орын қарастырылған.

Шымкент қалалық жедел медициналық көмек көрсету ауруханасы қала және облыс халқына тәулік бойы хирургия, жарақат, урологиялық, нейрохирургиялық, гинекологиялық, неврологиялық және терапиялық салалар бойынша мамандандырылған және жоғары мамандандырылған жедел және жоспарлы медициналық көмек көрсететін көпсалалы стационар болып табылады.

Күнделікті ауруханаға 200-250 науқас медициналық көмекке жүгінеді. Орта есеппен олардың 70-90 ауруханаға жатқызылады. Емдеу мекемесі бойынша жыл сайын жүйелі түрде емдік іс-шаралардың инновациялық, жоғары технологиялық әдістері өндіріске ендірілуде.

Айта кетейік, осы жылы облыс бойынша 38 денсаулық сақтау нысандарының құрылысына облыстық бюджеттен 3,8 млрд. теңге қаралып, құрылыстары жүргізілсе, оның 34 нысаны жыл соңына дейін тапсыру жоспарланған.