29 қар, 2017 сағат 12:55

Тұңғыш Президент күні қарсаңында Шолаққорғанда шағын футбол алаңы ашылды

Тұңғыш Президент күні қарсаңында Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ ауданының орталығы Шолаққорған ауылында шағын футбол алаңы ашылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" "Егемен Қазақстан" басылымына сілтеме жасап.

Жанкүйерлердің спорттық жарыстарды тамашалауына барлық жағдай жасалып, жаңа құрылғылар орнатылған, жасанды төскеніш салынған футбол алаңшасына аудандық бюджеттен 11 млн теңге жұмсалыпты.

Спорт алаңының ашылу салтанатында Созақ ауданының әкімі Салыхан Полатов: «Елбасы Н. Ә. Назарбаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында, аудан, қала әкімдеріне халықтың дене шынықтырумен және спортпен жаппай айналысуы үшін спорттық инфрақұрылымдардың қолжетімділігін кеңейтуді тапсырған болатын. Бүгінде біз осы тапсырманы орындау мақсатында жұмыстар жасап келеміз. Мәселен, аудан бойынша 236 спорт ғимараты бар. Оның ішінде иппадром, теннис алаңы, жүзу бассейндері тұрақты жұмыс істеп келеді. Міне, бүгін тағы бір шағын футбол алаңын ашып, барша спортсүйер қауымға жағдай жасап отырмыз», - деді.

Сондай-ақ, аудандық мәслихаттың хатшысы Бегімбет Байғараев, ардагер спортшы, Созақ ауданының Құрметті азаматы Аманғали Аймұрзаев сөз сөйлеп, жиналған қауымды құттықтады.

Салтанатты жиын соңы ауыл округтер арасында жасақталған командалар арасында футболдан жарысқа ұласты. Жыл аяғына дейін Шолаққорған ауылында демеушілер есебінен тағы бір спорт алаңшасы ашылмақ.