#
#
Бейсенбі 21/11/2019

«Туған жер» бағдарламасы – отансүйгіштіке тәрбиелеудің тиімді құралы

  • 10.07.2017
  • 16
  • 11887

Елбасымыз таяуда жариялаған «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық сипаттағы мақаласында «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынды. Мемлекет басшысы отансүйгіштік сезімнің кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталатынын қадап айтты.

Тәуелсіз еліміздің оқушы және студент жастарын отансүйгіштікке тәрбиелеудің сан алуан жолдары бар. Солардың бірі - тарихи өлкетану жұмыстарын пайдалану арқылы тәрбиелеу.

Қазақ елінің кез келген аймағынан ежелгі, ортағасырларға және жаңа заманға қатысты тарихи жәдігерлерді немесе деректерді көптеп кездестіруге болады. Мәселе соларды танып біліп, табылған мәліметтерді жүйелеп, зерделеп, оларды жастар тәрбиесінде тиімді пайдалана білуді үйренуде.

«Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс» - деп көрсетті Елбасымыз.

Мемлекет басшысы «Туған жер» бағдарламасының мәнін түсіндіре келіп білім беру саласында ауқымды өлкетану жұмыстарын жүргізудің маңыздылығына назар аударды. Орта мектепте туған жердің тарихын оқыту ісіне назар аударады.

Танымал тарихшы Мәмбет Қойгелдиев «Туған жер» бағдарламасын ауылдық жердегі мектептерде ұйымдастырудың төмендегідей қызықты бағдарламасын ұсынады.

Мектептегі тарихшы мұғалімдер: «Бұл ауылда қандай зират бар? Жалпы ауыл қашан пайда болған? Негізін қалаған кімдер? Бұл ауыл қандай жолдан өтті? Ауылда қандай мықты әулеттер бар? Олардың тарихы қалай жалғасты?» деген мәселелер төңірегінде зерттеулер жүргізуі керек.

География пәні мұғалімдері: «Ауылдағы тау, төбе, өзен, көше қалай пайда болған? Бастауын қайдан алады, соңы қайдан тұйықталады?» деген сұрақтарға жауап іздейді. Тіл және әдебиет пәні ұстаздары: «ол тау мен өзен не себепті бұлай аталады? Этимологиялық мәні қайда жатыр?» деген мәселенің тамырын ажыратады. 

Биология пәні оқытушылары: «Ауылда қанша түрлі өсімдіктер өседі, оның ішінде дәрілік шөптер бар ма, бұл өсімдіктер басқа аймақтарда кездесе ме?» деген сауалды зерттейді.

Осы сауалдардың негізінде бүкіл ауылдар қатысатын аудандық байқау өткізіледі. Содан соң облыстық, ең соңында республикалық конкурс өтіп, нәтижесі жауапты министрлік басшысымен қорытындыланады. Елжандылыққа, ұлтжандылыққа тәрбиелеу осылай басталады. Сонда ел туралы түсінік осылай қалыптасады.

Тарихшы ғалымның осы қарапайым ұсыныстарының өзі-ақ жергілікті жерде өлкетанушылық жұмыстарды қалай ұйымдастыруға бағыт беріп тұрғандай.

Бұл бағытта еліміздің мектептерінде бұрыннан қалыптасқан тәжірибе бар. Қазақстанда тарихи өлкетануды жастар тәрбиесінде пайдалану тәжірибесі кешегі өткен кеңестік дәуірде біршама тәуір жүргізілгенін мойындауымыз керек. Кеңес дәуірінде барлық мектептерде, арнаулы орта және жоғары оқу орындарында тарихи, өлкетану, революциялық, жауынгерлік даңқ, археологиялық, этнографиялық т.б. мұражайлар көп болды. Олардың жұмыстары жақсы деңгейде ұйымдастырылып, орталықтан үйлестіріліп, бақыланып отырды. Осындай тәрбие ошақтарында түрлі семинарлар, конференциялар, экскурсиялар, лекторийлер т.б. жұмыс түрлері ұйымдастырылып жастарды тәрбиелеуде пайдаланылды. Олар тек сол заманның талабына сай коммунистік идеологияға жұмыс істеді.

Кеңестік замандағы өлкетану жұмыстарын жастар тәрбиесінде пайдаланған тиімді тәжірибенің пайдалы тұстарынан қазір де бас тартпауымыз керек. Социализмнен жаңа демократиялық қоғамға өту кезеңінде өлкетану жұмыстары әлсіреп қалғаны анық. Экономикамыз көтеріліп саяси-тарихи санамыз жаңғыра бастаған тұста қазіргі заман талабына сай бұл саладағы жұмыстар қайта жандана бастады.

Өлкетану арқылы жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеудің бір жолы -туған аймақтың археологиялық ескерткіштерімен таныстыру. Даладан табылған көлемі үлкен, ауыр салмақты заттай ескерткіштерді мұражайға әкеліп қоя алмайтынымыз белгілі. Оларды сол орналасқан жерлерге барып қана көре аламыз. Әрбір жас өзінің кіші Отаны - туған аймағында тарихтан қалған қандай жәдігерлер барын, олардың мән-маңызын білгенде ғана туған өлке тарихын білуге, құрметтеуге деген сезімі оянады.

Мәселен, Астана төңірегінде осындай бірнеше тарихи орындар бар. Елордадан 123 шақырым жерде ортағасырлық «Бытығай» кесенесінің орны тұр.

Астананың іргесінде, Ильинка ауылы маңында «Бозоқ» қалашығының орны елорданың мың жылдық тарихы барының куәсі болып отыр.

Ерейментау ауданында ғұн-түркі дәуірін қамтитын «Құмай түрктік археологиялық-этнографиялық ескерткіші» 2009 жылы ашылды.

Елорданың оқушы және студент жастарын осындай тарихи-мәдени ескерткіштер орналасқан жерлерге апарып, ел мен жер тарихына деген сезімдерін ояту маңызды істердің бірі.

Осындай бағытта тәлім-тәрбие алған жоғары оқу орнын бітірген мамандар әрі қарайғы өмірінде (кәсіпкерлікте, мемлекеттік т.б. қызметте болсын) елі мен жерінің тарихын білуде, насихаттауда және құрметтеуде бейтарап қалмайды.

Елбасы туған жердің тарихын тек мектепте оқытумен шектелмей, «Туған жер» бағдарламасын іске асыруға шенеуніктерді, кәсіпкерлерді, зиялы қауымды, жастарды жұмылдыруды тапсырды. Президент бұл жұмыс жергілікті билік өкілдерінің міндеті екенін көрсетіп берді. Бұрын өлкетанушылық жұмыстар негізінен мектепке жүктеліп және жекелеген өлкетанушы адамдардың үлесіне тисе енді, Президент мұндай маңызды іске бүкіл ел, барлық қауым болып қатысуға шақырып отыр.

Елбасымыз үндеу арнаған зиялы қауым өкілдері еңбек ететін біздің Мемлекет тарихы институтының ғалымдары өздерінің негізгі зерттеу жұмыстарымен қатар өлкетану жұмыстарын назардан тыс қалдырған емес.

Атап айтқанда осыдан бес-алты жыл бұрын Солтүстік Қазақстан облысы Есіл ауданының бір ауылының тарихынан сыр шертетін - «Ақтас - деген ауыл бар» және Астана қаласының іргесіндегі іргелі қоныстардың бір - «Талапкер» ауылы туралы (2011 ж.) өлкетанушылық сипаттағы кітаптарын шығарды.

Институт ұжымы алдағы уақытта да Елбасы ұсынған «Туған жер» бағдарламасын іске асыруға өздерінің лайықты үлесін қосады деп сендіреміз.

Сейітқали Жахияұлы ДҮЙСЕН,

Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері,

педагогика ғылымдарының кандидаты

16 пікір

  • ЖанатДүйсенбі, 10.07.2017

    Сосын бір жағы тарихи жерлерді жандардырса отандық туризмнің дамуына да үлкен себі болар еді

  • АсельДүйсенбі, 10.07.2017

    Жақсы жазылған мақала екен. Осы елдің әр перзенті өз үлесін қосуы тиіс осы бағдарлама аясында

  • НазираДүйсенбі, 10.07.2017

    Елбасының мықты стратег екені айтылып та, жазылып та жүр ғой. Тек, адал қызмет ететін сенімді мамандар тапшы секілді көрінеді кейде маған

  • МайраДүйсенбі, 10.07.2017

    Дұрыс пайым, сонымен қатар жастардың танымы да әсер етеді деп ойлаймын

  • Жадыра Дүйсенбі, 10.07.2017

    Мектептерде тек теорияда ғана емес, практика түрінде де жүзеге асырса керемет болар еді

  • Назира Дүйсенбі, 10.07.2017

    Керемет мақала, осы бағдарлама іске асыру мақсатында өздерінің лайықты үлесін қосады деп, мен де сенемін.

  • АсетДүйсенбі, 10.07.2017

    Қазіргі жастарымызға осының бәрін біліп өссе екен.

  • Ерлан Дүйсенбі, 10.07.2017

    Келісемін осындай бағдарламалар жайлы жастарымызбен көп сөйлесіп, әңгіме құру керек деп ойлаймын.

  • ГүлназДүйсенбі, 10.07.2017

    Болашақ туған жерге, отанға деген сүйіспеншілікпен астасып жатыр. Берекесін берсін.

  • ДулатДүйсенбі, 10.07.2017

    Осындай бағдарлама негізінде туған жерге қамқорлық жасалады деп үміттенемін.

  • АйданаДүйсенбі, 10.07.2017

    Осындай бағдарлама елімізге қажет болатын, дер кезінде пайда болды деп ойлаймын. Игілігін көруге жазсын.

  • ЖаркынбекДүйсенбі, 10.07.2017

    Туған жерімізді өзімізді аялап, қастерлемесек, сырттан бізге ешкім де көмектеспейді.

  • ЕркебуланДүйсенбі, 10.07.2017

    Әркімнің өзінің туған жері бар, ол солжерде туып өсіп, жетіледі, уақыт өте келе ол жер ауыстыруы мүмкін, бірақ оның ішкі жан дүниесі мен құжаттары сол туып өскен жерден екенін көрсетіп тұралы.

  • СерикбайДүйсенбі, 10.07.2017

    Туған жер деген ол бәрінен ыстық, әрі қымбат, оны ешқашан да ұмытпау керек.

  • ЖомартДүйсенбі, 10.07.2017

    Елбасының бастамасы өте орынды, бұл жастардың елді сүюге деген паториоттығын арттырады деп білемін.

  • РусланДүйсенбі, 10.07.2017

    Әр өңірдің өзіне тән қасиеті бар, біз сол өңірлерді зертеп, жастарға молынан мағлұмат беруіміз қажет.

Пікір қалдыру

Чтобы оставлять комментарий нужно зарегистрироваться или авторизироваться
БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар