17 мам, 2017 сағат 14:29

«Туған жер» бағдарламасы бойынша Сарапшылар кеңесінің алғашқы отырысы өтті

2017 жылғы 17 мамырда «Рухани жаңғыру» қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасының құрамдас бөлігі болып табылатын «Туған жер» бағдарламасы бойынша Сарапшылар кеңесінің бірінші отырысы өтті, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Сарапшылар кеңесі Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің базасында құрылған, оның құрамына беделді қоғам және ғылым қайраткерлері, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, жетекші сарапшылар мен мамандар кіреді. 

Сарапшылар кеңесінде «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асырудың басты тұжырымдамалық ұстанымдары қаралды. Бұл бағдарлама төрт бөліктен тұрады: «Тәрбие және білім», «Атамекен», «Рухани Қазына»,  «Ақпарат толқыны». Аталған  бағдарламалар 14 басты бағыттар бойынша жүргізіледі, олардың әрқайсысы бойынша тиісті жобалар мен іс-шаралар іске асырылатын болады.

Бағдарламаны тиімді жүзеге асыру мақсатында жобалық басқарудың әдіснамасын қолдану жөнінде шешім қабылданды.

Отырыс барысында Сарапшылар кеңесінің төрағасы - Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Е.Сыдықов Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының маңыздылығын атап айтты, онда патриотизмді қалыптастыру, салт-дәстүрімізді, мәдениетіміз бен бірегей ұлттық кодымызды сақтау сияқты маңызды басымдықтар айқындалған. 

Сарапшылар кеңесінің мүшелері тұжырымдамалық ұстанымдар бойынша нақты ұсыныстар мен ұсынымдар берді.

Кеңестің бүгінгі жұмысын қорытындылай келе, Е.Сыдықов талқылаудың сындарлы болғанын, оның «Туған жер» бағдарламасының тұжырымдамалық ұстанымдарын жетілдіруге тигізетін пайдасын атап айтты, сондай-ақ Сарапшылар кеңесінің мүшелеріне сарапшылар мен консультанттар ретінде жобалық топтардың жұмысына және іске асырылып жатқан жобаларды мониторингтеуге белсенді қатысуды ұсынды.

Сарапшылар кеңесінің бірінші отырысының қорытындысы бойынша «Туған жер» бағдарламасының тұжырымдамалық ұстанымдары мақұлданды.