14 шіл, 2017 сағат 06:19

«Тyғaн жep» бaғдaрламасы бірлікке бaстap жoл

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: руxани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы – ұлтқа бағытталған ұран, мемлекеттік идеология өзегі ретінде аса құнды үндеу. Қоғамдық санаға рухани сілкініс беріп, ұлы мұрат-мақсаттардың түйін-тұжырымын мәйелі ой-толғаумен саралаған жоспарлы жобаны халық жылы қабылдады.

Рухани үндестік үйлесім тапқан, мәдени-рухани құндылықтарға басым мән берілген жаңғыру бағдары жұртшылықтың жігерін жанып қамшылады. Жаhандану заманында жұтылап қалмай жаңаша жаңғыруға, рухани жұтаңдықты болдырмауға шақырады. Елге мұра, ұрпаққа үлгі болатын, ұлттық сананың кемелденуін көздеген, табысқа жету тетіктері тізбектелген бұл толғауды елім деген барша азамат қолдап, қуаттайды. Мұндағы терең ой қозғаған нақты әлеуметтік жобалар ұлтты ұйыстырып, ұлы мақсаттарға жетелейтініне сеніміміз мол.

Ұлт бірлігі – ұлы байлық. Ұлттық дамуда мызғымас ұлт бірлігі аса маңызды. Рухани дүниелер арқылы қоғамға үлкен маңыз берген бастама – ұлттық құндылықтарымызды ұлықтауға бағытталған. Ұлттық рухымызды көтеру үшін, әлбетте төл тарихымызды, тәрбиенің түп қазығы –құндылықтарымызды дәріптеу қажет. Рухани өрлеудің алтын арқауы – ұлттық код ерекшеліктерін сақтау арқылы жаңғыру. Отаншылдық рух туған жерге, туған елге деген махаббаттан басталады.

Ал, басты бағыты – ұлттық патриотизмге негізделген Таяу жылдардағы міндеттер бөліміндегі «Туған жер» бағдарламасы – уақыт талабынан туындаған идеология жинағы.

Ауқымды үш мәселені қамтыған жоба жалпыұлттық сипатта жаңғырудың тиісті тетіктерін анықтап берді. Осылайша, ой-санада жаппай жаңғыру үдерісі басталды. Тағылымды туған жерге тағзым етіп түлету – перзенттік парызымыз. Ұлттық бірегейлік темірқазығы саналатын туған жер жобасы патриоттық тәрбиенің негізгі өзегі болмақ. Ұлы дала өркениетіне өрнектеп жол салған жобада ұлттық дара қасиеттеріміздің жоғалмауы, жаңғырып жоғарылауы қарастырылған. Ұлттық бірегей сана-сезімге ұлттық игі мүдделер арқылы әсер ететіні ақиқат. Себебі, терең тарихтан өнеге, қуат алған халықтың ұрпағымыз. Тар жол, тайғақ кешу нәубаты таңбаланған, ата-бабаларымыз көздің қарашығындай қорғаған жердің қадір-қасиетін түсінеміз. Теңдесі жоқ туған жердің тас, топырағына дейін тағзым ететін тәуелсіз елдің рухты, өжет азаматтарымыз. Бүгінгі күн – Атажұртқа адал әр азаматтың жеке жауапкершілігі сынға түсетін сарабдал уақыт. Бір қуантарлығы, осы сын-межеде суырылып алға шығып, отансүйгіштігін нақты істермен дәлелдеп жүрген қайраткерлер, жастар, қарапайым жандар да бар. Мысалы, туған жерге деген ерекше құрметтерін адам жанына жылулық сыйлайтын қайырымдылық шаралар жасау арқылы білдіріп жатқандар бар. Сондай-ақ, жастарда ұлттың рухани жаңғыруына бастайтын «Туған жер» бағдарламасын сәтті жүзеге асыру бойынша нақты ұсыныстар білдіріп, жобаларды қолға алуда. Жүрегі елім деп соққан әр азамат «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыруға үлес қосуы керек. Туған жерге деген ерекше құрмет – туған жердің көсегесін көгертуге атсалысу. Үкімет, жергілікті билік, халық, қала, ауыл, барлық аймақтың әлеуетін арттыруға, руханиятын, мәдениетін көтеруге ұмтылуы қажет. Туған жерді қастерлеп сүюге, туған жер қадірін арттыруға, заманауи озық өркениет үлгілерін дамытуға деген шамшырақ ұранның күштілігі осында.

Сонымен қатар, жуырда «Ел арна» телеарнасының «Туған өлке» жобасы көрерменге жол тартты. Ел тұтқасында отырған атпал азаматтар туған жеріне сапар шегетін бұл бағдарлама жастарға үлгі болары анық. Сонымен қатар, «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі сараптама кеңесінің алғашқы отырысы өтті. Кеңесте әр ауыл-аймақта өлкетану мұражайларын ашу туралы, т.б., өзекті мәселелерді көтеруде. Туған жер шежіресін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, мәдениетін жақсы білетін жалынды патриот жастардың жаңғыру жолы басталды. Осылайша, нақты істермен іске асыратын жобалардың жаңғыратын уақыты әлі де алда деп білеміз. Дап-дайын дүниеге дәніге бермей, туған жердің тазалығына дейін мән беріп жатсақ құба-құп болмай ма?! Туған жерден ешкім жыраққа кетпеске ұйытқы болып, барлық керекті материалдық, рухани жағдаймен қамтамасыз ету керек. Жаңа жұмыс көздерін, өндіріс орындарын ашып, рухани ошақтарды жетілдірген абзал.

Отаншылдықтың негізгі темірқазығы туған жерге деген махаббаттан басталады. Туған жердей жер болмас, әрине. Әркімнің өз жері өзіне жұмақ.

Түркі халықтарының көне Күлтегін ескерткішіндегі «Түркінің қасиетті жер-суының қарғысына қалма!» деген сөздері тасқа қашалып, жазылғаны тегін емес деп ойлаймын. Жер беті тұнып тұрған тарихи ескерткіш емес пе?! Осы тұста, өзімнің туған жерім рухани астана Түркістан қаласы құтты, қасиетті мекеніміз екенін мақтанышпен айтамын. Елбасы: «Мәдени маңыздылығы тұрғысынан біздің Түркістан немесе Алтай – ұлттық немесе құр¬лықтық қана емес, жаһандық ауқымдағы құн¬дылықтар»,-деп атауы әрине кездейсоқтық емес.

Ия, Түркістан шежірелі құтты мекен. Түркістан аймағы тарихи-мәдени ескерткіштерге толы, туристік болашағы бар әулиелі жерлерге бай. Түркі дүниесінің мәдени астанасы – Түркістан қаласы нағыз руханияттың озық ордасы деп білеміз.

Ұлттық рухымызды асқақтататын төл тарихымыз айқын төрге озды. Ұлт мәселесін ұлы мақсаттармен дөп басқан баянды болашақтың сара жолы – бірегей сенім мен көзқарастың қалыптасуына ықпал етті. Ендігі жерде, тәрбиелік талаптың межесінен шығу уақыт еншісінде. Рухани сәулемен мәңгілік елдің еңсесін көтерген бағдарлама ел бірлігін нығайта түспек. Ұлттық рухым деген ұлы сезім, әр азаматтың еңбекқор, саналы болуына серпін берді. Елім үшін деген пәрменді талап-міндеттің маңызы зор болмақ. Мықты мотивациялық екпіні бар бағдарламаның болашағы баянды болары анық. Жалпыұлттық деңгейдегі жұп-жұмыр жобаның жемісті нәтижесін көретін күн алыс емес. Отансүйгіштік идеологиясымен нұрланған әр азамат «мен Отан үшін не істей аламын?» деп терең ойлануы керек. Өзіміздің ұлттық өнімдерімізді өндіруге, Қазақстан өнімдерін тұтынуға, жаңа идеялардың жұлдызды сәтін жаңғыртуға деген ғаламат табандылықпен алға басу керек. Берекелі бірлікке бастар бағдарламаның басты мақсаты да осында. Ұлт болып ұйысса алынбайтын қамал жоқ. Көшбасшы қолдап, мемлекет қуаттайтын уақытта халық қалғымауы тиіс. Даңғыл жолдың дара деңгейіне дән сеуіп, азаматтық борыштарына адал болатын мүмкіндікті жіберіп алмау абзал. Ұлан-ғайыр жерімізді игеруге, ұрпағымызға мәңгілік ризық-несібе болатын кәсіпті меңгеруге тер төгетін кез бұл.

Осы орайда өз үнімді де қоса кетсем жөн болар. Тұмарлы туған жердің толғау-туындысын, дамушы елдің бағдарламасын даралайтын бір ерекше қорытынды болуы заңдылық сияқты. Мысалы, елге, туған жеріне септігін тигізіп, қол ұшын созған азаматтарды, кәсіпкер меценаттарды материалдық, рухани жағынан үлес қосқаны үшін республикалық деңгейде, әр облыс, қала бойынша ерен еңбегін көтеру және патриоттық пен жетістікке ынталандыру мақсатында «Жыл патриоты», «Биік руханият», «Руханият саласының үздігі», «Түркістан қаласын жаңғыртуға үлес қосқаны үшін» төсбелгісі, т.б., осы сынды марапаттарды тағайындау жөнінде комиссия тобы құрылса игі болар еді. Ал бұл марапаттарды Елбасы қолынан алса тіпті тамаша. Бәсекелестік бар жерде өсу де, өрлеу де болады. Сондай-ақ, бірлікке шақыратын бастамаға орай бір күнді «Рухани жаңғыру күні» деп белгілеп, халық алдында қошеметпен марапаттаса .

Динара Мыңбаева