22 шіл, 2019 сағат 07:48

Цифрлық сауаттылық артып келеді


Ел тұрғындарының инновациялық және цифрлық технологияларды қолдану деңгейі 77 пайыздан 80 пайызға өсті.

Отандық сарапшылардың зерттеуінше, қазақстандықтардың цифрлық сауаттылығы мен жаңа технологияларды пайдалану деңгейі артып келеді.

2018 жылы Қазақстан халқының персоналды компьютер, смартфон, планшет, ноутбук, стандартты бағдарлама мен интернетті қолдану деңгейі 79,6 пайызды құрады. Өткен жылы бұл көрсеткіш 77,1 пайыз болған.

ҚР Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, ел азаматтарының цифрлық сауаттылық деңгейі жоғарылауда. Мәселен, Алматы қаласы 87%, Алматы облысы 86,7%, Нұр-Сұлтан қаласы 85,4%, Атырау облысы 81,2%, Шымкент қаласы 80,8%, Қостанай облысы 80,8%, Павлодар облысы 79,6%, Қызылорда облысы 78,6%, Жамбыл облысы 78,2%, Маңғыстау облысы 78,1%, Ақтөбе облысы 78%, Шығыс Қазақстан облысы 77,8%, Түркістан облысы 76,9%, Батыс Қазақстан облысы 76,4%, Солтүстік Қазақстан облысы 74,8%, Қарағанды облысы 70,6% және Ақмола облысы 68,9% көрсеткен.

Еске сала кетейік, 2018 жылдың 1 маусымында «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының аясында цифрлық сауаттылықты арттыру жұмыстары басталған болатын. Оқыту жұмыстары Қазақстанның бүкіл аумағында (қала, аудан, ауыл, кент) жүргізіліп, ол үшін 2729 мекеме (мектеп, колледж, кітапхана, ХҚО кеңселері және т.б.) тартылды. Курс кезінде 4 бағыт бойынша цифрлық білім берілді: базалық цифрлық дағдылар, электрондық үкімет пен мемлекеттік қызметтер, ашық үкімет, электронды сауда. Яғни, компьютерді қолдану, мемлекеттік қызметті онлайн форматта алу, электронды саудамен жұмыс жасау, өз-өзіне мемлекеттік қызмет көрсету сынды цифрлық дағдыларды меңгерді. Жоспар бойынша 2022 жылға қарай халықтың цифрлық сауаттылық деңгейі 83 пайызға жететін болады.