27 мам, 2020 сағат 12:38

Цифрлық сауатсыздықты жою бағдарламасын іске қосу қажет - Саясат Нұрбек

Цифрлық сауатсыздықты жою бағдарламасын іске қосу қажет. Мұндай ұсынысты Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 3-отырысында BTSDigital білім беру жобаларының жетекшісі Саясат Нұрбек жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жаңа әлеуметтік теңсіздік басталып келе жатыр. Егер бұрынырақта тапқан табыс, шыққан текке қатысты көрініс тапса, қазір бұл мәселе цирфлық сауаттылыққа қатысты болып отыр. Мынадай таң қаларлық тарихи факті бар екен. Осыдан 100 жыл бұрын, 1919 жылы «Халық арасында сауатсыздықты жою туралы» декрет қабылданыпты. Қазір цифрлық сауатсыздықты жою бағдарламасын іске қосу қажеттігі туындап отыр», - деді ол. 

Оның атап өтуінше, таяу 10 жылдың ішінде білім саласында ең үлкен өзгерістер болады. 

«Оған әсер ететін көптеген фактор бар. Бұл мәселеге қатысты өте көп зерттеулер де жазылған. Білім беру ортасын дамыту бойынша ұлттық форсайт (форсайт - ұзақмерзімді болжау технологиясы) жүргізу қажеттігі пісіп жетілді. Бізге таяу 5-10 жылдың ішінде бой түзейтін контурдың қандай болатындығын, білім беру моделі басымдықтарын айқындап алу қажет», - деді Саясат Нұрбек.