10 шіл, 2018 сағат 16:02

«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы неше бағыт бойынша жүзеге асады?

2018 жылдың жазында елімізде тұңғыш рет «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы іске қосылғалы отыр. Елбасы Н.Ә.Назарбаев 10 қаңтарда Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Цифрлық Қазақстан» кешенді бағдарламасы қабылданды. Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі дамуының кешенді стратегиялық жоспары жасалды деп баса мән берді.

Елбасының бұл жобаға ерекше мән беріп, атап өтетіндейі де бар, IT қарыштап дамып, ақпарат алмасу күніге түрленіп отырған қазіргідей заманда сандық технологияларды дамытпасақ, әлемнің алдыңғы қатарлы 30 елінің қатарынан көріну қиял болып қалары анық. Себебі, қазіргі кезеңде көшбасшы елдердің барлығы сандық жүйеге көшіп, экономикасының дамуына һәм халқының  әл-ауқатының жақсаруына сеп болып отыр.

Дәл осы Жолдаудан соң, бір аптадан соң, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасына жауапты басты министрліктің басшысы Дәурен Абаев ведомстваның алқа мәжілісінде бұл бағдарламаның іске асырылатын негізгі 5 бағытын айтқан еді.

2025 жылға дейін жекеменшік және мемлекеттік инвестицияны 5 есе қылып қайтару мақсатында қосымша 2 трлн теңгені құрайтын қосымша құн өндіріп алуға мүмкіндік бергелі отырған цифрлы экономиканың келешегі зор.

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Д.Абаевтың сөзінше жоғарыда біз жазған бағдарлама келесідей бағыттар бойынша жүзеге асады:

  • Экономика саласында цифрлық технологияны белсенді түрде енгізу;
  • Мемлекеттік қызметтерді цифрландыру;
  • Ел бойынша жоғары жылдамдықпен жұмыс істейтін интернет қосу;
  • Тұрғындар мен бизнеске цифрлық дағдыларды үйрету;
  • Стартаптар мен кәсіпкерлікті қолдау отырып, инновацияны дамыту жағдайын жасау.

Ашық дерек көздеріне сүйене отырып, қарапайым тілмен жеткізер болсақ, бұл бағдарламаның басты мақсаты – қазақстандықтардың өмір сапасын арттырып, ұлттық экономиканы цифрландыру. Құжаттарды жүзеге асыру шеңберінде 2020 жылға дейін ғаламтор қолданушыларының санын 80 пайызға дейін арттырып, ел тұрғындарының 95 пайызын цифрлық xабар таратумен қамтамасыз ету, азаматтардың цифрлық сауаттылығын 80 пайызға дейін жеткізу көзделуде.

Ең бір қызығы – атқарылатын жобалардың басым бөлігі мемлекеттік-жекменшік серіктестігі (ГЧП) аясында жүзеге аспақ. Бұл еліміздегі шағын және орта бизнестің дамуына және сырттан келер инвесторлардың артуына септігін тигізері даусыз.

Ал сарапшылардың алдын ала жасаған болжамы бойынша, 2025 жылдан бастап, ІЖӨ өсімінен цифрландыру жобаларын іске асырудың жиынтық әсері 30 пайызға дейін жетеді; 2018-2022 жылдар аралығында 300 мың жаңа жұмыс орнын ашу жоспарда.

«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының негізін биыл құрылғанына 10 жыл толғалы отырған «Зерде» Ұлттық инфокоммуникация  холдингінің базасында әзірленген болатын.

Осы орайда, Қазақстанда ақпараттық технологияларды мемлекеттік секторға енгізу шаралары осыдан 10 жыл бұрын сәтті басталғанын айта кету қажет. Дәл осы жердегі бұлтартпас мысал, ол – eGov немесе Қазақстанның электронды Үкіметі. Дәл осы Оңтүстік Корея үлгісінде жасалған жүйе көмегімен жүздеген операцияларды ешқайда бармай-ақ компьютер алдында отырып жүргізе аласыз. Мұндай жобаның ТМД елдерінде бірен-саран екенін еске салу еш артық болмас. Құжат рәсімдеу, түрлі анықтамалар алу, коммуналдық қызмет түрлерінің ақысын, салықты, айыппұлды, сақтандыруды және өзге де қызмет түрлерін үйде отырып төлеуге кез-келген азаматтың мүмкіндігі бар. Ал, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында бұл жүйенің жұмысы одан әрі жетілдірілмек. Жетілдіру үшін бірқатар дамыған мемлекеттердің тәжірибесі қабылданбақ. Осы бағытта ел Үкіметі бірқатар кешенді жұмыстарды жүзеге асырып, алыс-жақын шетелдің алдыңғы қатарлы IT компанияларымен, бизнес өкілдерімен келіссөздер жүргізіп отыр.

Жалпы айтқанда мұның бәрі ел азаматтарының әл-ауқатын жақсартып, еңсесін тік көтеруге жасалып жатқан жұмыстар екенін түсініп, мүмкіндігінше қолдау танытуымыз қажет. Тұрғындардың тұрмыс-тіршілігі жақсарып, басы артық қағазбастылық пен бюрократиядан арылғанда ғана Қазақстанымыз дамыған 30 елдің ортасынан орын алары анық. Ал бұл мақсаттарға жетуіміз үшін тұрғындарымыз сандық білімді мейлінше меңгеруі тиіс.