17 шіл, 2019 сағат 07:35

«Цифрлан! Трендте бол!» акциясы Түрксіб ауданында жалғасты


Алматы қаласының Түрксіб ауданында халықаралық «Жанашыр» қоғамдық қоры мен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының ұйымдастыруымен «Цифрлан! Трендте бол!» акциясы өтті.

Акция барысында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы мамандары Түрксіб ауданындағы әртүрлі санаттағы азаматтарға цифрлық қызметтерге қалай қол жеткізуге болатындығын түсіндірді. Соның ішінде ЭЦҚ-ны, Egovkzbot және Mgov қосымшаларын пайдалану жолдарын үйретті.

«Цифрлық Қазақстан – болашаққа бағдар» тақырыбындағы іс-шаралар аясында «Цифрлан! Трендте бол!» акциясын ұйымдастырдық. Қатысушылар саны күн санап артып келеді. Жастар, студенттер өз қатарластарын үйретуде. Акцияға қаланың мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері қатысты. Алдағы уақытта мұндай шаралардың маңыздылығы артып, цифрлық сауатты тұрғындар көбейе береді деп үміттенеміз», – дейді шара ұйымдастырушысы, халықаралық «Жанашыр» қорының президенті Жаңыл Әпетова.

Айта кетсек, «Цифрлан! Трендте бол!» акциясы маусым айында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде басталған болатын. Шараның басты мақсаты – халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру, ағарту-насихат жұмыстарына көшбасшы жастарды тарту.

Қазіргі таңда телеграм-бот (@EgovKzBot) арқылы мемлекеттік қызметтің 25 түрі қолжетімді. Атап айтсақ, мекенжай анықтамасы, зейнетақы аударымы туралы анықтама, психо және наркодиспансерден анықтама, сондай-ақ кезекті онлайн брондау, дәрігерді үйге шақыру сияқты басқа да анықтамаларды алуға болады.

Мобильді mGov.kz қосымшасы бойынша 90 мемлекеттік қызмет қолжетімді. Бұл қосымша өткен жылы 1,3 млн рет жүктеліп, 3,6 млн қызмет алынған.

Бүгінде халықтың цифрлық сауаттылық деңгейі 77%-ға жеткен. 2022 жылға қарай бұл көрсеткішті 83%-ға дейін арттыру жоспарланған.