27 қыр, 2018 сағат 11:52

Цеснабанк салымшыларының ақшасын құтқарып жатырмыз - Ақышев

ҚР Ұлттық банкінің басшысы Данияр Ақышев «Цеснабанк» АҚ басындағы жағдайға қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Оның айтуынша, банкте («Цеснабанк» АҚ) жоспардан тыс жағдай болған. Банктегі жеке және заңды тұлғалардың салымдарының шұғыл ағыны байқалды. 

«Базель-3 аясындағы өтімділік бойынша жаңа коэффициенттердің енгізілуіне байланысты Ұлттық банк Цеснабанкке 150 млрд теңге көлемінде қарыз берді. Бұл қаржы банкке нарықтық жағдайда көмек ретінде берілді», - деді Ұлттық банк басшысы.

Ақышев банктерге көмек көрсетуде неге «ала қойды бөле қырқып отырғанын» айтты. Бас банкирдің айтуынша, Ұлттық банк екінші деңгейлі банктерге проблемалық жағдай туындаған жағдайда ғана көмектеседі. 

«Біз банктің қалай басқарылып отырғанына, акционерлердің проблеманы шешуге дайындығына мән береміз. Көріп отырғанымыздай, банк акционерлері қаржылық ахуалды тұрақтандыру үшін барын салып жатыр. Дағдарысқа қарсы жаңа менеджмент тағайындалды. Онымен қоса, банк ауыл шаруашылығы саласындағы 450 млрд теңгелік несие портфелін сату жөнінде мәміле жүргізіп жатыр. Себебі, кредиторды ауыстыру өз кезегінде агросектор кәсіпкерлерінің жағдайын жақсартады», - деді ол. 

Оның айтуынша, Ұлттық банк акционерлерді емес, салымшылардың ақшасын құтқаруға барын салуда. 

«Біз акционерлерді емес, азаматтарымыз бен кәсіпорындарымыздың ақшасын сақтап қалуымыз керек. Ешкім ақшаны қалтасына басып алмайды. Ақша клиенттерге қызмет көрсетуге жұмсалады. Егер нарықтағы үлесі жоғары банктің басына осындай күн туса, ол түгел экономика және қаржы секторына әсер етуі мүмкін. Бұл қарыз Ұлттық банкке қайтады», - деді Ақышев.

Ұлттық банк 2019 жылдың басынан банк саласын бақылаудың тәуекелге бағытталған түрін енгізбек.