16 шіл, 2018 сағат 18:21

Трамп: Ядролық қарудың 90% АҚШ пен Ресейге тиесілі, бұл жақсы емес

Финляндия астанасы Хельсинки қаласында Ресей және АҚШ басшылары соңғы тоғыз жылдан соң алғаш рет ресми түрде кездесті. Кездесу белгіленген уақытынан 1 сағатқа кеш басталды. Саммит Президент сарайында өтіп жатыр. Трамп пен Путинді Финляндия президенті Саули Ниинисте қарсы алды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» халықаралық бұқаралық ақпарат құралдарына сілтеме жасап.

Владимир Путин америкалық әріптесі Дональд Трамппен кездесуге қуанышты екенін, онымен РФ-АҚШ қатынастарын және әлемдік проблемаларды талқылау ниетін білдірді.

«Біз тұрақты байланысты жалғастырып келеміз. Телефон арқылы сөйлестік және түрлі халықаралық шаралар алаңында бірнеше рет кездестік. Әрине, біздің екіжақты қарым-қатынастарымыз туралы және әлемдегі көптеген түйіткілді жайттар бойынша егжей-тегжейлі әңгімелесудің уақыты жетті», - деді Ресей президенті.

Ол америкалық әріптесін «қонақжай Финляндия жерінде» көргеніне қуанышты екенін айтты. Кездесуде алдымен Путин сөз бастады, бірақ журналистердің алдында небәрі бірер ауыз сөзбен шектелді, деп хабарлайды ТАСС.

USA TODAY-дің ақпаратына сүйенсек, АҚШ президенті Дональд Трамп фототілшілер үшін арнайы ұйымдастырылатын дәстүрлі қол алысу кезінде ресейлік әріптесіне «сауда, ядролық қарудан Қытайға дейінгі барлық мәселелерді» талқылауға дайын екенін мәлімдеді.

Президент Трамп «бүкіл әлем Америка мен Ресейдің арақатынасы жақсы болуын қалайтынын» білдірді.

Кездесу Владимир Путиннің Мәскеуде кідіріп қалуына байланысты белгіленген уақытынан бір сағаттай кеш басталды.

Фин президенттік сарайындағы кездесуде Трамп Ресейде өткен футболдан Әлем чемпионатын мақтап, оның «барлық әлем чемпионаттарының ішіндегі үздігі» болғанын айтты.

АҚШ президенті Ресей басшысына американ-ресей қарым-қатынастарын жақсартудың мүмкіндіктерін көріп отырғанын мәлімдеді, деп хабарлайды ТАСС.

«Екі елдің бірлесе әрекет етуге зор мүмкіндіктері бар. (...) Баршамызды толғандыратын мәселелер көп, мен оларға жауап табамыз деп үміттенемін. Ең маңыздысы - осы», - деді Трамп.

«Ақыр аяғында біздің қатынастарымыз айрықша болады деп ойлаймын», - деді АҚШ президенті.

Вашингтон әкімшілігінің басшысы үнемі «тату болған жақсы» екенін айтатынын тағы бір рет еске салды.

Трамп татуластыққа Мәскеу мен Вашингтон ғана емес, бүкіл әлем ұмтылатынын айтты.

«Біздің татуласқанымызды бүкіл әлем қалап отыр деп ойлаймын», - деді ол.

«Біздің елдер - екі жетекші ядролық держава. Олардың үлесіне ядролық қарудың 90% тиесілі, бұл жақсы емес - жаман», - деді Трамп.

Ресей және АҚШ президенттерінің келіссөздері бірнеше сағатқа созылады, содан кейін олар баспасөз алдына шығады.

USA TODAY-дің хабарлауынша, таңертең Трамп АҚШ және Ресей қарым-қатынастары ешқашан қазіргідей төменгі деңгейде болмағанын айтқан. АҚШ президенті Хельсинкиге жексенбі күні келген.