10 шіл, 2017 сағат 07:42

Трамп Сирияда атысты тоқтату келісімінің орындалып жатқандығын мәлім етті

АҚШ Президенті Дональд Трамп Сирияның оңтүстік-батысында күшіне енген деэскалация аймағын құру туралы келісімнің сақталып жатқандығын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат "Lenta.ru"-ға сілтеме жасап.

«Атысты тоқтату туралы сириялық келісім сақталып отырған сынды. Көптеген өмірлер сақталуы мүмкін. Кездесудің нәтижесі. Жақсы!», - деп жазды Трамп Твиттерде.


Бұған дейін хабарлағанымыздай, 8 шілде күні Гамбургте өткен G20 саммиті шеңберінде РФ Президенті Владимир Путин АҚШ Президенті Дональд Трамппен Украина мен Сириядағы жағдайды, сондай-ақ терроризммен, киберқылмыспен күрес және киберқауіпсіздік мәселелерін талқылаған болатын.

Ресей мен АҚШ көшбасшыларының әңгімесі 2 сағат 15 минутқа созылды. Бұл президенттердің алғашқы жеке кездесуі, бұған дейін олар тек телефон арқылы әңгімелескен.

Еске салсақ, 4 мамыр күні Сирия мәселесін реттеу жөніндегі Астана процесі барысында кепілгер елдер Ресей, Иран және Түркия Сирия аумағында төрт деэскалация аймағын құру туралы уағдаласты. Нақтырақ айтқанда, Латакия провинциясының жекелеген аймақтарында, Алеппоның бірқатар өңірлерінде, Хама провинциясында, Хомс, Дамаск/Шығыс Гута провинцияларының жекелеген бөліктерінде және Дераа мен Кунейтраның бірқатар аумақтарын қамтитын өңірлерде қауіпсіздік аймағын қалыптастыру туралы меморандумға қол қойылды.

4-5 шілде күні елордада Сирия бойынша келіссөздердің кезекті раунды өтті. Жоғары деңгейдегі 5-ші халықаралық кездесудің қорытындысы бойынша кепілгер елдер Ресей, Түркия және Иран бірлескен мәлімдеме қабылдады.

«Жанжалды БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2254-қарарын орындау негізінде саяси жолмен ғана шешуге болады», - делінген мәлімдемеде.

Сонымен қатар кепілгер елдер Сириядағы зорлық-зомбылықтың айтарлықтай төмендегендігін құптайтындығын және тараптарды соғысты тоқтату режімін сақтауға шақыратындығы айтылған.

«Деэскалация аумағы шекарасын анықтаудағы прогреске қанағаттанушылық танытамыз және бірлескен жұмыс тобына барлық деэскалация аймақтарының операциялық және техникалық шарттарын соңына дейін жасауды тапсырдық», - делінген ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов оқып берген бірлескен мәлімдемеде.

Бірлескен жұмыс тобының келесі отырысы 1-2 тамыз аралығында Иранда өтетін болады.