03 там, 2017 сағат 07:14

Трамп Ресейге жаңа санкция салу заңын бекітті

Ақ үйдің хабарлауынша, АҚШ президенті Дональд Трамп 2 тамыз күні Ресейге, Иранға және Солтүстік Кореяға жаңа санкциялар салатын заңға қол қойды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Азаттыққа сілтеме жасап.

АҚШ Конгресі шілденің соңында Ресейге АҚШ-та 2016 жылы өткен президент сайлауы науқанына араласқаны үшін және Қырымды басып алып, Украинаның шығысындағы сепаратистерге дем бергені үшін қатаң санкция салу туралы заң жобасын мақұлдаған еді.

Жаңа заң Ресейдің энергетика компанияларын нысанаға алып, олардың операцияларына шектеу қояды. Заңға сәйкес президент Трамп Конгрестің мақұлдауынсыз Мәскеуге қарсы енгізілген санкцияларды жұмсарта алмайды.

Бұл заңның бекітілуі былтырғы сайлау науқаны кезінде Мәскеу мен Вашингтонның қарым-қатынасын жақсартуға шақырған Трамптың үміті жуыр уақытта ақталмайтынын көрсетті.

Ресей президенті Владимир Путин заң жобасын Конгресс мақұлдаған кезде ашулы реакция танытқан әрі заң бекітілмей жатып 30 шілде күні Ресейдегі АҚШ-тың дипломатиялық қызметкерлерін 755 адамға қысқарту туралы бұйрық берген. Мәскеудің бұл шешімі Ресейдің Украинадағы агрессиясы, Сирия соғысындағы рөлі мен 2016 жылғы АҚШ сайлауына араласуы тудырған Вашингтонмен арадағы шиеленісті одан сайын күшейтіп жіберді. Ресей АҚШ-тың санкция салуын "өзін жөнсіз оқшаулау" деп айыптайды.

АҚШ Конгресі Ресейге салынып отырған жаңа қатаң санкцияларды Еуропа Одағының өтініші бойынша сәл өзгерткен. ЕО жетекшілері бұл санкциялар Nord Stream мұнай құбыры жобасын салу бойынша Ресеймен ынтымақтасқан Батыс компанияларына кесірін тигізбеу керектігін ескерткен еді.

Жаңа санкцияларға қарсы Иран 1 тамыз күні БҰҰ-на шағымданып, АҚШ-ты "алты ядролық держава арасында жасалған келісімді бұзды" деп айыптаған. Иран парламентінің спикері Әли Лариджани соңғы санкциялар 2015 жылғы ядролық келісім-шартты бұзады деп мәлімдеген.