16 шіл, 2018 сағат 10:22

Трамп Путинмен кездесу үшін Хельсинкиге келді

Мәскеуде өткен футболдан әлем чемпионаты аяқталған соң әлем назары бүгін АҚШ президенті Дональд Трамп пен Ресей көшбасшысы Владимир Путиннің тарихи кездесуі өтетін Хельсинкиге ауды. Трамп пен АҚШ-тың бірінші ханымы Мелания Хельсинкиге жексенбі күні кешке келіп жетті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Саммитте Трамп пен Путин оңаша сөйлеспек. Бірақ әңгіме не туралы болатыны алдын ала айтылған жоқ. Екі ірі ядролық держава президенттерінің кездесуде не талқылайтыны алдын ала айтылмауы – тұңғыш рет болып тұрған жағдай.

Дегенмен Трамптың Вашингтон мен Мәскеу арасындағы ынтымақтастықты нығайтуды көздейтіні белгілі болды. 

Бірнеше күн бұрын басылымдар Трамп пен Путин Украина батысындағы жағдай мен Ресей аннекциялап алған Қырым жайлы сөйлесетінін жазған. Ядролық қарусыздандыру мен ядролық қаруды таратпау туралы да әңгіме болатыны айтылды.

Алайда шілденің 13-інде АҚШ Ресейдің Бас барлау басқармасының 12 қызметкеріне айып таққан соң ықтимал тақырыптарға қатысты болжамдар күрт өзгерген. Вашингтонда Трамптың "АҚШ сайлауына араласу операциясына жетекшілік еткен" Путиннің "қолын алуына" наразылық айтыла бастады.

Бірақ Мәскеу АҚШ сайлауына араласқаны туралы айыптауларды жоққа шығарады.

Өткен аптада Брюссельде баспасөз қызметінің өкілдеріне сұхбат беру кезінде Трамп бұған дейінгі кездесулерде Путиннің өте сыпайы болғанын айтты.

«Ол - нағыз қарсылас. Алайда жау демеймін. Күндердің бір күні достасып кететінімізге сенемін», - деді Трамп.

Трамп пен Путин арасындағы кездесуге Хельсинки қаласы жайдан-жай таңдалмады. Тарихи тұрғыдан алып қарағанда, дәл осы Финляндияда алдымен америкалық және кеңестік билік өкілдерінің кездесулері, артынан Америка мен Ресейдің келіссөздері жүргізілгені белгілі болды. Бұған елдің географиялық орналасуы мен бейтараптық саясатын ұстануы себеп болып отыр.

Трамп бірнеше күн бұрын Ұлбыританияға барғанда оған қарсылық білдірген мыңдаған адамның ереуілі өтті. Путинмен кездесер алдында – шілденің 15-інде ереуілдер Хельсинкиде жалғасты. Азаттықтың орыс қызметі Ресей президентінің келуіне қарсы наразылық акциялары да байқалғанын жазған еді.