03 сәу, 2020 сағат 07:34

Трамп мәлімдемесінен кейін мұнай бағасы күрт қымбаттады

Сауд Арабиясы ОПЕК-тің шұғыл жиынын өткізгісі келетіні туралы ақпарат тараған шақта жұма күні таңертең халықаралық нарықта мұнай бағасы қымбаттады деп жазды "Интерфакс" агенттігі. Лондон биржасында Brent маркалы мұнайдың бағасы барреліне 28,9 долларды құрады. Бұл алдыңғы сессиямен салыстырғанда шамамен 17 пайызға жоғары. 

Дональд Трамп мәлімдемесінен кейін бейсенбі күні халықаралық нарықта мұнай бағасы 36 долларға дейін күрт шарықтап, кейінірек қайта төмен түскен. Трамп Twitter-де Сауд Арабиясының тақ мұрагері Мұхаммед бин Салманмен сөйлескенін жазды. Ақ үй басшысының сөзіне қарағанда ханзада мен Ресей президенті Владимир Путин мұнайға байланысты келіссөз жүргізген.

Трамп тараптар күніне 10-15 млн баррельге дейін мұнай өндіруді азайтатын шығар деп үміттенетінін жеткізген. Сауд Арабиясы 1 сәуірден бастап тәулігіне - 12 млн баррель, Ресей 11,5 млн баррель өндіруді жоспарлаған еді. 

Кремль Путиннің Эр-Риядпен келіссөз жүргізгенін жоққа шығарды. 

30 наурызда Вашингтон Мәскеу мен Эр-Рияд мұнай бағасының құлдилауын тоқтату мақсатында келіссөз жүргізеді деп мәлімдеген болатын. Ақ үй басшысы Ресей президенті Владимир Путин және Сауд Арабиясының тақ мұрагерімен телефон әңгімеде осы мәселені қозғаған. Дегенмен шикізат құнының арзандауын тоқтату үшін қандай шара қолданылатыны айтылған жоқ. 

Bloomberg агенттігі жақында Ресей 1 сәуірден бастап ОПЕК-тің шектеу шараларының мерзімі өткеннен кейін мұнай өндірісін өсірмейтінін хабарлаған. Дереккөзінің айтуынша, бұл Сауд Арабиясымен бітімге келгендігінің белгісі болуы мүмкін. 

Наурыз айының басында Мәскеу мен Эр-Рияд шикізат өндірісін азайту туралы келісе алмағаннан кейін халықаралық нарықта мұнай бағасы күрт арзандаған еді.