20 мам, 2019 сағат 10:54

Трамп: Иран соғысқысы келсе, өз түбіне өзі жетеді

19 мамырда АҚШ Президенті Дональд Трамп Иранға соғыс ашпауды қатаң ескертті. Трамп өзінің Twitter парақшасына "Иран соғысқысы келсе, өз түбіне өзі жетеді. Бұдан былай АҚШ-қа қоқан-лоққы көрсетуші болмаңдар!" деп жазды Трамп Тегеранға қарата.

АҚШ-тың мәлімдеуінше, Тегеран Парсы шығанағында қайықтарға зымырандарын орналастырып, Біріккен Араб Әмірліктерінің жағалауында төрт кемені атқылаған. Иран мұны жоққа шығарды.

Мұндай жазба жарияламастан бірер күн бұрын Трамп АҚШ-тың Иранға қысымы дауға ұласып кеткенін қаламайтынын айтқан. 16 мамырда президент "АҚШ соғысқа дайындалып жатыр ма?" деген журналистер сұрағына "Дайындалып жатқан жоқ деп үміттенемін" деп жауап берген. Тегеран да Иран билігінің "соғысты қаламайтынын" айтқан.

Екі апта бұрын Вашингтон Парсы шығанағына "Авраам Линкольн" ұшақ тасығышын қондырған. АҚШ Иранға қарсы 120 мың әскери жібергелі жатқаны жайлы да хабар тарады. Бірақ Трамп мұны жоққа шығарып, "Сарбаз жіберу әзірге жоспарда жоқ, бірақ қажет болса, мұнан көп әскери жібереміз" деген. Артынша Вашингтон АҚШ-тың Ирактағы елшілігінде істейтін қызметкерлерінің басым бөлігін "Иран қатерінен соң қауіпсіздік мақсатында" эвакуациялады.

Вашингтон мен Тегеран арасындағы бұл дау Иран өткен аптада 2015 жылғы ядролық келісім талаптарының кейбірін орындаудан бас тартып, ядролық қару дайындауға қажет байытылған уранды қайта өндіре бастайтынын айтқан соң туған. Ядролық келісім аясында АҚШ Иранға санкциясын азайтып, есесіне Тегеран ядролық бағдарламасынан бас тартуы керек еді. Бірақ Вашингтон "Иран талаптарды бұзды" деп былтыр бұл келісімнен шығып кетті. Артынша Трамп Тегеранға санкцияны қайта күшейткен.

Азаттық