02 жел, 2019 сағат 05:02

Трамп импичмент бойынша тыңдауға қатысудан бас тартты

АҚШ президенті Дональ Трамп 4 желтоқсанға жоспарланған импичмент бойынша тыңдауға қатыспайды. Ақ үйдің заң бойынша кеңесшісі Пэт Чипполлоне Трамптың тыңдауға келмейтіні туралы хатты Конгресс өкілдерінің сот комитетінің төрағасы Джеррорльд Надлерге жолдаған. Бұл туралы CNN хабарлады.

"Куәгерлердің аты аталмайынша, сот комитеті президентке қосымша тыңдау ұйымдастырып, әділ процесс өткізуді қамтамасыз етпейінше біз тыңдауға қатыса алмаймыз" деп жазылған хатта.

Чипполлоне сот комитетінің отырысы өтетін күні Трамп Лондондағы НАТО жиынында жүретінін айтып, демократтар "Трамптың сапарын біле тұра тыңдауды әдейі осы күнге қойды" деп сынады.

АҚШ-та импичмент дауы Трамптың 25 шілдеде Украина президенті Владимир Зеленскиймен болған әңгімесінен соң туған. Америкалық басылымдар Трамптың Зеленскийді 2020 жылғы сайлауда өзінің бас қарсыласы болатын Джо Байденнің үстінен жемқорлық дауы бойынша іс қозғауға мәжбүрлемек болғанын жазды. Сыншылар Трамп "қызметтік өкілетін асыра пайдаланып, ықтимал қарсыласына компромат табуға тырысты" деп айыптады. Дональд Трамп бұл айыптауларды жоққа шығарды.

Трамп пен Зеленский арасындағы әңгіме белгілі болғаннан кейін АҚШ өкілдер палатасындағы демократтар Трампқа "берген сертін бұзғаны үшін" импичмент жариялау процесін бастаған. Бұған дейін Украина президенті Владимир Зеленский Трамптың қысым жасамағанын айтқан.

4 желтоқсандағы тыңдауда Трампқа импичмент жариялауға заңдық негіз бар-жоғы талқыланады. Конгрестегі тыңдауға конституциялық құқық бойынша заңгерлер мен сарапшылар шақырылған.