22 там, 2017 сағат 15:33

Трамп: Ауғанстандағы соғыста жеңіп шыққалы отырмыз

Вирджиниядағы әскери базада сөйлеп тұрған Дональд Трамп. 21 тамыз 2017 жыл.

Дүйсенбі кешкісін сөйлеген АҚШ президенті Дональд Трамп Ауғанстанда "Талибан" содырларын жеңуді мақсат тұтатын АҚШ-тың ұрыс стратегиясы туралы айтты.

Оның пайымынша, жеңіс деген дұшпанға ойсырата соққы беру, радикалды террорлық топтарды жою, америкалықтарға қарсы кең ауқымды террорлық шабуылдардың алдын алу және "Талибан" содырларының көзін құрту.

Мұның алдында, яғни президент сайлауы кезінде "триллиондап шығын әкеліп, нәтиже бермеді" деп АҚШ-тың Ирак пен Ауғанстандағы әскери компаниясын сынаған Дональд Трамп Ақ үйге келген соң жағдаймен танысып, «Құрама Штаттардың Ауғанстаннан кетуі мүмкін емес» екенін түсінгенін айтты. Ол "өйтпегенде Ирактағыдай бос орындағы ваккумды террористер толтырар еді" дейді.

- Біз Ирактағы қателікті қайталай алмаймыз!,- деді Трамп.

Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Мұның алдындағы Обамаға қарағанда президент Трамп Ауғанстандағы жаңа стратегиясын егжей-тегжейлі баяндай қоймады. Ауғанстандағы АҚШ әскерінің мөлшері қаншаға көбейетіні, қай уақытқа дейін сол елде болатыны жайында тіс жармады. Десе де АҚШ контингенті бірнеше мың сарбазға көбейетіні әр жерде айтылып қалып жүр.

Трамп "АҚШ әскерилерінің қолын ендігі жерде Обама әкімшілігі талап еткен арнайы санкциялар байламайтынын, қолбасылар террорлық топтарға соққы жасауға байланысты кез келген маңызды шешімдерді өз бетінше қабылдай алатынын" айтты.

- Біз құрлықтағы әскеріміздің мөлшері мен оның кету уақыты туралы мәлімдеме жасамаймыз. Стратегиямыз Ауғанстандағы жағдайға қарай анықталады, - деді ол.

Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

АҚШ тарихындағы ең ұзақ соғыс екенін түсіне отырып Дональд Трамп отандастарына "АҚШ Ауғанстанда демократиялық қоғам орнатуды көздемейтінін, мақсаты – "Талибан" содырлары мен басқа да радикалды террорлық топтарға қарсы ауған билігіне қолдау көрсету екенін" мәлімдеді. Ол өз әкімшілігінің экономикалық, дипломатиялық және әскери ықпал ету тетіктері бар нақты іс-әрекеттер қамтылған стратегия құрастырғанын айтты.

Дональд Трамп Пәкістанға ескерту жасап, «Күнде біздің адамдарды өлтіруге әрекеттенетін ұйымдар дәл осы Пәкістаннан пана тапты. Бұл жағдай еш кідірмей өзгеруі керек. Пәкістанның өркениет, тәртіп пен бейбітшілікке адалдығын көрсететін кезі келді» деді. Президент Трамп Үндістанды Ауғанстанға бұдан да көп экономикалық көмек көрсетуге шақырды.

Трамп америкалықтарды халықаралық терроризм қаупі алдында бірігуге үгіттеді.

Азаттық