06 ақп, 2018 сағат 15:50

Қ. Құрманәлі: "Тойдан да, ақшадан да қымбат дүниелер бар, Төреғали"

Алғашқыда егде жастағы керекулік тыңдарманымен жанжалдасып, кейін Алтынбек Қоразбаевты алдап кеткен Төреғалидің тағы бір былығы ашылды. Бұл жолы Ұлы дала баласының ерсі қылығын сазгер Қалдыбек Құрманәлі айтып берді. NUR.KZ тілшісіне берген эксклюзивті сұхбатында композитор атышулы әншіден көңілі қалғанын айтты.

"Төреғалиге менің де өкпем бар. Мысалы, қазақтың ұлы композиторы Шәмші Қалдаяқовтың қаншама концертіне шақырғанмын. Әкесі де, өзі де уәде берген. Қатысамын деп қояды. Жарнамаға қосып қоясың, атын пайдаланған сияқты боласың. Бірақ концертке келмейді. Соған қарағанда көбірек ақша төлейтін жерлер бар шығар. Бірақ ұлы тұлғалардың кешіне қатысамын деп қойғаннан кейін, ол қатысу керек. Тойдан да, ақшадан да қымбат дүниелер бар. Ол адамның ары, тазалығы", - дейді Қалдыбек Құрманәлі.

Концерттің күні белгіленіп, афиша ілінсе де, Төреғали концертке келмей қалыпты. Жарнамасы жер жарған кешке келген халық "Ұлы дала баласының" жоқ екенін білгенде, композиторды балағаттап кеткен көрінеді.

"Мен Төреғалиге Шәмші атамыздың "Бәрінен де сен сұлу" деген әнін бергенмін. Әйтеуір көңілді ән ғой, тойларда шырқап жүрсінші деп. Әкесімен де келіскенмін. Екі концертке де келген жоқ. Ал концертке келгендер маған: "Төреғали Төреәлі концертке қатысады" - деп едіңіздер ғой. Қайда, неге келмеді?" деп реніш білдірді. Бүкіл жұрттың көзінше ұятқа қалдым", - дейді сазгер.

Қалдыбек Құрманәліні халық алдында қарабет қылған Төреғалидің құйтырқы әрекеттері мұнымен шектелмеген. Уәдесінде тұрмаған Төреәлінің ұлы жалған ақпарат берген болып шықты.

"Бізге өтірік айтыпты. "Мен Қытайда жүр едім" деп айтқан. Онда Қытайда жүрсе, бағы жансын деп тілек білдірдік. Содан кейін Астанада концерт өткізіп жатсақ, Астанада көріп қалдық. "Әй, сен Қытайда едің ғой..." - деп сұрасам: "Жо-жоқ, Қытайға бармайтын болып қалдық" - деп алдап тұр. Мен айттым: "Сен мені сыйламай-ақ қой, сен Шәмшіні сыйлау керексің" дедім", - дейді Қалдыбек.

Ашуға булыққан сазгер бұдан былай Төреғали Төреәліні ешбір концертіне шақырмайтын болып шешіпті. Соған қарағанда атышулы әншіні қазақ өнерінің өкілдері де сыйлаудан қалған сыңайлы.

"Адамның абыройы осылай жоғалады. Қасықтап жинаған абыройын шелектеп төгетін адамдар бар. Сондықтан мен Төреғалиді ешқашан қолдамаймын. Төреғали Төреәлісіз де концерт өтеді ғой. Ол туылмай тұрғанда да қазақ өнері тоқтап қалған жоқ. Қазақ өнері ар-намысы, ұяты бар, үлкендерді сыйлайтын адамдардан тұрады. Ал үлкенді сыйламаса оны енді кім сыйлайды?! Ешкім сыйламайды. Уәде бердің бе, сөзіңде тұру керек. Уәде – құдай сөзі", - дейді композитор.

Еске салсақ, осыдан бірнеше күн бұрын белгілі сазгер Алтынбек Қоразбаев Төреғали Төреәлінің өзін лақтырып кеткенін айтқан болатын.