27 қаз, 2017 сағат 07:50

Той қазақтың уақыты мен қаржысын аямайды

Асқар Жұмаділдаев сұқбатында: "Бауырым, мен сені жақсы көремін. Бірақ, сенің той, құдалығыңа барып жүретін уақытым жоқ. Ең маңыздысын айтшы, соған ғана барайын", - деп айтқанын естігем. Той - қазақтарды жақындатады дейді көпшілік. Мүмкін. Бірақ, екінші жағы да бар, той - қазақтың уақыты мен қаржысын аямайды.

Ауылдағылармен сөйлессем, бір күн бос уақыттары жоқ. Бір күні келін түсіреді, бір күні қыз ұзатады, бір күні сүндет той, бір күні бәленбай жылдық... Әр тойға апаратын тойананы есептеңізші, бір айда қанша шығын... Сол ақшаны баланы дамытатын түрлі үйірмелерге жұмсаса ғой. Қайдағыыы, өз баласына келгенде аяп қалады. "Ақша жоқ, қалай үйірмеге қатыстырамын?" дейді. Тегін үйірмелерге "уақыт жоқ, кім апарады?" дейді. Тойға баруға уақыт табады. Ал өзің уақыт таппасаң, сол тойға апарған ақшаңа апарып-әкелетін адам жалдап қоюға болады. 

Біз жақтың тойында танымайтын адамдар көп болады, алпыс апа, жетпіс жездесін шақыра береді ғой баяғы. Ертең өздері той істесе, "біз де тойына барғанбыз, шақырмасақ ұят" деп шығады. Ең жақын адамдары болмаса, былайғы тойларға ешкім қуанып бармайды. Мойындау керек, ары тартса бері жетпей, бері тартса ары жетпейтін кезде тойға барған не сәні? Өзі жыны кеп барғасын, сол тойды сынамай қайтсін. Асабасы мен дастарқаны күшті болса, түк таппағасын келіннің көйлегі мен макияжын, прическасын айтып кетеді. Тойдан келген соң шаршайсың. Өз басым жылына үш рет болатын корпоративканың өзінен өлесі боп шаршап қайтам, ал той туралы айтпай-ақ қояйын. Той болса, жүз адамнан асатын той жасап керегі жоқ. Біреудің уақытын алып қайтесің? Одан да сол тойға кететін уақытты өзіне арнасын.

Кейде қазақтың ғылымда аты озбай жатқанына осы тойдың да әсері бар ма деймін. Той тойлап жүрген адам қалай оқып, қалай жаңалық ашады? Тойдан кейінгі пыш-пыш та адамды ұсақтатып жібереді, нервісіне тиіп. Билік қажеті болсын, болмасын түрлі халықаралық іс-шаралар өткізгіш деп сынайсыздар. Өздеріңіз қандай дарақы болсаңыздар, биліктеріңіз де сондай ғой.

Жадыра Нармаханованың фейсбуктегі жазбасынан