03 сәу, 2020 сағат 08:52

Төтенше жағдайдан бизнес саны қаншалықты қысқарғаны есептеледі

Қажет болған жағдайда шағын және орта бизнесті қолдаудың қосымша шаралары қарастырылады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Мәди Тақиев айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Оның айтуынша, елімізде 1 маусымға дейін шағын және орта бизнес субъектілері үшін салық және өзге де төлемдерді төлеу мерзімі шегерілген. Бұған қоса, Мемлекет басшысы шағын және орта бизнес өкілдерін биылғы 1 қазанға дейін еңбекақы төлеу қорынан ұсталатын салықтан босатуды тапсырды. 

«Ал бұл жеке табыс салығы, әлеуметтік салық, міндетті зейнетақы жарнасы, жарналар мен міндетті медициналық сақтандыру төлемдері және әлеуметті төлемдер сынды салық пен төлемдердің 5 түрін қамтиды», - деді вице-министр. 

Сонымен қатар Мәди Тоқиев бизнес өкілдеріне салық және өзге төлемдерді төлеу мерзімін кейінге қалдыру айтарлықтай қолдау екендігін баса айтты. 

«Дегенмен, ілгеріде қолдаудың қосымша шаралары да қарастырылып қалуы ықтиал», - деді ол. 

Мұнан бөлек, вице-министр елімізде төтенше жағдай енгізілуіне байланысты қанша бизестің өз қызметін тоқтатқандығын санау, есептеу жұмыстары жүргізіліп, жыл соңында нақты дерегі жария етілетіндігін ескертті.