18 нау, 2020 сағат 15:25

Төтенше жағдай режимін бұзғандар жауапқа тартылады

Елордалық полицейлер коронавирустық инфекция туралы жалған ақпарат таратпауды сұрады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаментінің басшысы Ержан Сәденов айтып берді. 

«Карантиндік шараларды жүзеге асыруға тартылған ішкі істер органдары қызметіне түсіністік танытып, талаптарын қатаң сақтауыңызды сұраймын. Осы сәтті пайдаланып, коронавирустық инфекция туралы жалған ақпарат тарату жауапкершілігі туралы ескерткім келеді. Төтенше жағдай режимі мен карантинді бұзу қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады», - деді департамент басшысы Орталық коммуникациялар қызметінде.

Оның айтуынша, тұрғындарды мазалаған сұрақтарға жауап беретін арнайы колл-орталық құрылады. Одан бөлек, 109, 101, 102, 103 қызметтері жұмыс істейді. 

Бұған дейін карантин жарияланған Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларына блокпосттар қойылып, көлік пен азаматтардың қозғалысы шектелетіні хабарланған еді. 

Қалаға Нұр-Сұлтан мен Алматыда тиісті тіркеуде тұрған адамдар және қалалардың өмірлік қызметтерін қамтамасыз етуге қажет адамдар ғана кіреді. Тізімді әкімдіктер анықтайды.