#
#
Жексенбі 25/08/2019

Төртінші өндірістік революция кәсіпорындарда қалай жүзеге асып жатыр?

  • 19.07.2019
  • 0
  • 2021

Бүгінде АҚШ-тың өндіріс саласында жұмыс істейтін қызметкерлерінің саны осыдан 70 жыл бұрын істеген адамдар санымен бірдей. 1949 жылы кәсіпорындарда 12 миллион 880 мың адам еңбек еткен. АҚШ еңбек статистикалық бюросының мәліметінше, бүгінде осы саладағы қызметкерлер саны осы көрсеткішпен шамалас.

Алайда 1949 жылы АҚШ экономикасы дағдарыста болды. Ал, соңғы жылдары Ақ үй әкімшілігінің жұмыс орындарын арттыруға бағытталған саясаты нәтижесінде өндіріс қызметкерлерінің саны өсті. Бұл экономика құрылымы мен еңбек өнімділігі соңғы жетпіс жылда едәуір өзгергенін көрсетеді.

Дегенмен өндіріс саласында әлі де талай инновация енгізілетіні анық. Көптеген кәсіпорын төртінші өндірістік революцияны толыққанды қабылдамай, цифрландыру мен деректер талдауды өз пайдасына жаратып үлгерген жоқ. Еңбек өнімділігінің құлдырауы мен заманның өзгеруі де біраз қиындық туғызған.

Дүниежүзілік экономикалық форум мен «McKinsey & Company» бірлесіп, ірі компаниялардың тізімін жасаған болатын. Оған төртінші өндірістік революция технологияларын ұтымды пайдаланудың жолын тапқан өндірушілер енді. «Жасанды интеллект» секілді инновациялар олар атқаратын жұмыстың сипатын өзгертіп, қызметкерлерінің жұмыс тиімділігін арттырды.

Жаһандық деңгейдегі «Lighthouse Network» жүйесі әлемнің түкпір-түкпірінде түрлі салада жұмыс істейтін кәсіпорындарды білім мен озық тәжірибе алмасатын алаңмен қамтамасыз етіп отыр. Жақында бұл жүйеге жаңа 10 фабрика қосылды.

Төменде озық технологиялардың игілігін көріп отырған беткеұстар кәсіпорындардың ортақ белгілері келтірілген:

1. Технология адамды алмастырмайды, оның басқаруымен жұмыс істейді

«Роботтар адамды жұмыссыз қалдырады» деген алаңдаушылық көпке мәлім. Алайда сала көшбасшылары жаңа технологияларды ендіру арқылы қызметкерлерін жалықтыратын жұмыстан босатқан. Оның орнына олар шығармашылық пен ақыл-ойды талап ететін еңбекпен айналысады.  

Румынияның Ульм қаласындағы «Arçelik» кәсіпорны ұсақ жұмыстарды автоматтандыру нәтижесінде шығындарын 11 пайызға қысқартқан. Ал Түркияның Қожаелі шаһарындағы «Ford Otosan» зауытында цифрлық өндіріс еңбек өнімділігін 6 пайызға арттырып, қызметкерлер санын қосымша шығынсыз 45 пайызға көбейтуге мүмкіндік берген.

2. Кішкентай қадамдар емес, үлкен секірістер жасау

Әдетте өндіріс саласында өзгерістер ақырын жүріп, жұмыстың жақсаруы бірден білінбейтін. Алайда беткеұстар кәсіпорындар осы қалыптасқан дәстүрді бұзып отыр. «McKinsey & Co» жүргізген зерттеу бойынша, жасанды интеллекті бірінші меңгерген кәсіпорындар өзгелерден едәуір озып кететінін көрсетті. Жоғарыда келтірілген диаграммада көшбасшылардың қаржылық табысы 122 пайызға артатынын, ал жолын қуушыларда тек 10 пайызға өсетінін байқауға болады.

3. Ең бастысы – ынтымақтастық

Инновацияларды ендіру университеттермен, стартаптар және технологияларды ойлап табатын өзге мекемелермен бірлесіп жұмыс істейтін экономикалық жүйелерде жақсы жүзеге асады. Озық өндірушілер оқшау еңбек етпейді, олар өзгелерге жол көрсетіп тұрады.

Финляндияның Оулу қаласындағы «Nokia» сайты жаңа өнімдерін ұсыну үшін дизайн және өндіріс бөлімдерін 5G байланысына қосқан. Әртүрлі технологиялық бөлімдерін бөлек сымсыз желімен байланыстырып, сайт өнімділігі 30 пайызға артты. Енді ол өнімдерін нарыққа бір жарым есе тез шығаратын болды.

Оңтүстік Кореяның Пхочхон қаласындағы «Posco» құрыш құю зауыты еңбек өнімділігін арттыру үшін жасанды интеллекті пайдаланып отыр. Ол өзінің «ақылды зауыт» платформасын құру мақсатында ғылыми мекемелер, шағын және орта кәсіпорындар, стартаптармен бірлесіп жұмыс істеп келеді.

Индонезияның Батам шаһарындағы «Schneider Electric» өз технологиялық жетістіктерін серіктестері мен клиенттеріне бөлісіп, бүкіл экономикалық жүйенің жұмысын жақсартты.

4. Инновациялар кәсіпорын әлеуетіне байланысты емес

Инновациялар тек ірі компаниялардың қолынан келетін іс деген жалған пікір қалыптасқан. Шағын және орта кәсіпорындар да ауқымды инвестицияларды қажет етпейтін жұмыстарға зейін салып, түбегейлі өзгерістер жасай алады.

Бұл мемлекеттерге де қатысты. Инновациялар мен жаңа технологиялар бай елдермен шектелмейді. Мәселен, Дүниежүзілік экономикалық форум тізіміне енген беткеұстар компаниялардың көбісі Қытайда орналасқан. Шығыс Еуропа елдерінде де осындай кәсіпорындар бар.

5. Құрал-жабдықты түгелімен жаңартудың қажеті жоқ

Қолданыстағы технологиялар мен жүйелерді бейімдеу арқылы да жақсы жетістіктерге жетуге болады. Беткеұстар компаниялар үшін инновациялар ендіруге ескі құрал-жабдықтар бөгет болған жоқ. Олар жаңа жабдықтарға қыруар инвестиция салудың орнына жұмыс әдісін өзгертті.

Индонезиядағы «Petrosea» кен орны алыс қашықтықта орналасқан.  Сонының салдарынан жұмыста бірқатар қиындықтар туындайды. Алайда, жүк көліктерінің қозғалысын оңтайландыру және пилотсыз ұшақтармен бақылау секілді технологиялар ендірудің арқасында шығынға батқан шахта небары алты айда табысты кәсіпорынға айналған.

Мақаланың түпнұсқасы: weforum.org

0 пікір

Пікір қалдыру

Чтобы оставлять комментарий нужно зарегистрироваться или авторизироваться

Маңызды мақалалар

БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар